Былтыр республикалық бюджетке түсуге тиіс 730 млрд теңге салық жиналмай қалған. Бас аудитор Әлихан Смайылов жүргізген тексеру жоспардың орындалмауына тым жоғары болжам, сапасыз салық тексерулері және кедендегі негізсіз жеңілдіктер әсер еткенін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Смайыловтың дерегіне сүйенсек, республикалық бюджетке салық түсіру жоспары 4,8 пайызға орындалмаған. Ақшалай есеппен қазына 730 млрд теңгеден қағылған.
Аудиторлар мұның басты себебінің бірі салық түсіміне қатысты болжамның шынайы жағдайдан алшақ жасалғанын айтады. Жоспарланған салық көлемі 1,3 трлн теңгеге артық көрсетілген.
Салық тексерулерінің сапасына қатысты да елеулі мәселе анықталды. Соңғы 4 жылда салық органдары қосымша есептеген сомалардың жартысынан астамы сотта немесе шағымды қарау кезінде кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.
Нені білу маңызды?
Яғни тексеру барысында бизнеске қосымша салық міндеттелгенімен, кейін оның едәуір бөлігі заңсыз немесе негізсіз деп танылған. Мұндай жағдайға салық заңнамасын бұзу және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген қателер себеп болған.
«Cалық тексерулерінің сапасын күшейтіп, әр шешімнің заңға сай әрі дәлелді болуын қатаң бақылау қажет», — дейді тұста Смайылов.
Кеден саласында да қазынаны шығынға батырған олқылықтар жетіп артылады екен. Айталық, тоқпен жүретін көліктерге ғана арналған жеңілдікпен елге гибрид көліктер де көптеп кіргізілген. Анықталған деректердің өзінен бюджетке 70 млн теңге түспей қалған.
«Бұдан бөлек, сыртқы саудамен айналысатын 34 компания тауар импорттаған кезде қосылған құн салығын есепке жатқызу тәртібін заңсыз пайдаланған. Соның салдарынан импорттық ҚҚС бойынша бюджет 670 млн теңгеден астам қаражат жоғалтты», — деп қынжылды Смайылов.
Арнайы жеңілдікпен жұмыс істейтін кеден операторларына да бақылау әлсіз болған. Мұндай мәртебесі бар компаниялар тауарды жеңілдетілген тәртіппен рәсімдей алады.
Алайда қызметін уақытша тоқтатуға негіз туғанына қарамастан, кейбір оператор жеңілдігін әрі қарай пайдалана берген. Уәкілетті органдар олардың жұмысын дер кезінде шектемеген.
Аудит аяқкиім өнімдерін таңбалау жүйесінің де толық нәтиже бермей отырғанын көрсетті. Тауарға арнайы белгі салу көлеңкелі сауданы азайтып, салық түсімін көбейтуге тиіс еді. Алайда жүйенің мүмкіндігі әзірге толық пайдаланылмаған.
Тоқ етерінде…
Жоғары аудиторлық палата Мемлекеттік кірістер комитетіне есеп жүргізу, деректерді бақылау және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту қажет деген қорытындыға келді.
Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 2,7 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Сонымен қатар 33 рәсімдік заңбұзушылық пен 11 жүйелі кемшілік тіркелді.
Жоғары аудиторлық палата анықталған олқылықтарды түзету жөнінде міндетті тапсырмалар мен ұсыныстар әзірледі. Тиісті нұсқамалар аудит жүргізілген барлық мекемеге жолданды. Олардың орындалуы палата бақылауында болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







