Президент Тоқаев Тамыз конференциясында мұғалім қауымын қажытқан мәселелерді ашық атады. Аттестаттаудың ауыр талабы, қағазбастылық, бітпейтін тексеріс, ұстаздарды жөндеу жұмысына жегу, кадр тапшылығы мен мазмұны жоқ реформалар енді Үкіметтің нақты шешімін талап ететін түйінге айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы мұғалімі құрметтелген елдің болашағы жарқын болатынын айтып, ұстазды білім беруші маман ғана емес, ұлттың ойлау жүйесін қалыптастыратын тұлға ретінде бағалады.
«Ең озық технология әлемді өзгерте алады. Алайда адамды, оның дүниетанымын тек нағыз ұстаз ғана өзгертеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, кейінгі жеті жылда білім саласын қаржыландыру үш есе өсіп, 6,4 триллион теңгеге жеткен. Бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. Бес мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық базасы жаңартылып, білім ошақтарында 7 мыңнан аса заманауи пән кабинеті жабдықталған.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп бой көтерді. Тоқаев ендігі міндет ғимарат санын арттырумен шектелмей, сол мектептерді білікті ұстазбен және сапалы мазмұнмен толтыру екенін аңғартты.
95 пайызы мамандығын ұнатады, бірақ 5 мың мұғалім жетіспейді
TALIS-2024 зерттеуінің қорытындысы бойынша қазақстандық педагогтердің 95 пайызы өз мамандығына риза. Ұстаздардың 80 пайызы таңдау мүмкіндігі қайта берілсе, мұғалімдік жолды тағы да таңдайтынын айтқан.
Қазақстан мұғалім беделінің нығаюы көрсеткіші бойынша зерттеуге қатысқан елдердің арасында екінші орынға шыққан. Ал педагогтердің жалақысына қанағаттануы жағынан алғашқы бестікке енген.
Соған қарамастан ел мектептерінде 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Президент мұны халық санының өсуімен және жаңа мектеп құрылысының қарқын алуымен байланыстырды.
Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 12 мыңнан астам мектеп түлегі мемлекеттік грант иеленген. Олардың 2 мыңнан астамы «Алтын белгі» иегері. Тоқаев жастардың мұғалім мамандығына бет бұруын оң үрдіс деп бағалады. Дегенмен грант санын көбейту кадр тапшылығын өздігінен шеше алмайды. Жас маманды университет аудиториясынан мектеп пен балабақшадағы нақты жұмысқа бейімдейтін ортақ жүйе қажет.
Президент Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктеріне күш біріктіруді тапсырды. Әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру ұйымдары да жаңа буын педагогтерін даярлау жұмысына тартылуға тиіс.
«Реформа үшін реформа жасауды доғару керек»
Мемлекет басшысы білім саласын қайта-қайта төңкеріп, мұғалімді кезекті тәжірибенің нысанына айналдыруға қарсы шықты. Ол біліктілікті арттыру желеуімен бүкіл оқыту жүйесін қысқа мерзім ішінде күрт өзгертудің бұрынғы сәтсіз тәжірибесін еске салды. Ойластырылмаған өзгерістердің зардабын ұстаздар мен оқушылар әлі де тартып отырғанын айтты.
«Мазмұны жоқ, реформа үшін жасалатын бос реформаларды тоқтату қажет. Өзгеріс керек, бірақ ол мұғалімнің бүкіл күшін сарқып, күйзеліске түсірмеуге тиіс», – деді президент.
Тоқаевтың пайымынша, білім саласындағы кез келген жаңалық алдымен жан-жақты талданып, тиімділігі толық дәлелденуі керек.
«Реформа алғашқы сынақ немесе эксперимент емес. Ол жауапты шешім және өзара сабақтас шаралар кешені», – деді мемлекет басшысы.
Үкімет осы ұстанымды педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде де басшылыққа алуға міндетті.
«Өрлеудің» жұмысы көңіл көншітпейді
Президент мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған «Өрлеу» ұлттық орталығының қызметін жеке сынға алды. Оның бағалауынша, ұйымның қазіргі жұмысы көңіл көншітпейді. Ақордаға педагогтерден аттестаттау тәртібін қайта қарауды сұраған көптеген өтініш түскен. Ұстаздар шектен тыс жүктеме, ұзақ рәсімдер мен бюрократиялық әуреге шағымданған.
Тоқаев педагогтерді аттестаттауға қойылатын талаптарды оңтайландырып, жетілдіруді тапсырды. Алайда бағалаудан түгел бас тарту немесе емтиханды одан әрі қиындату көзделіп отырған жоқ.
«Білімді объективті бағалау оқу үдерісінің негізі. Бізге барынша түсінікті әрі ашық жүйе қажет», – деді президент.
Оқу-ағарту министрлігі мәселені шұғыл зерттеп, қысқа мерзімде нақты ұсыныс енгізуге тиіс.
Біліктілікті арттыру бағдарламаларына жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтарды, сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамаларының идеяларын енгізу ұсынылды.
Мұғалім жөндеу жасайтын жұмыс күші емес
Тоқаев ұстазды оқу үдерісіне қатысы жоқ шаруаларға жегу тәжірибесін қатаң сынға алды. Өңірлерден мұғалімдердің мектеп жөндеуге, тазалық жұмысына немесе түрлі қоғамдық шараға тартылғаны туралы хабар әлі де түседі. Президент мұндай әрекетке жол берілмейтіні әлдеқашан айтылғанын еске салды.
«Мұғалімдерді жөндеу жұмысына, оқу барысына еш қатысы жоқ түрлі қоғамдық шараға тарту туралы хабарлар оқтын-оқтын шығып қалады. Мұндайға жол беруге болмайтыны жөнінде бұрыннан келіскенбіз», – деді ол.
Президенттің ұстанымы айқын: мұғалім құрылысшы да, тегін жұмыс күші де емес. Оның уақыты бала оқытуға, сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға арналуға тиіс.
Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер ұстазды бөгде жұмысқа жұмсаудың орнына білім беру тәртібін жетілдіріп, оқу бағдарламасын саралап, мектептегі үдерісті дұрыс ұйымдастыруы керек.
Қағаздың орнына цифрлық жүйе келуге тиіс
Президент цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетуі керектігін атап өтті. Алайда көптеген мектепте электронды жүйе қағаз есепті алмастырудың орнына оған қосымша жүкке айналып кеткен.
«Педагогтерді қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестаттаудан өту туралы мезі еткен талаптан және пайдасыз тексеру рәсімдерінен арылту қажет», – деді Тоқаев.
Білім саласының жаңартылған деректер базасы барлық мемлекеттік қызметті бір платформаға біріктіріп, мұғалімді қайталанатын есеп пен қол жұмысынан босатуға тиіс.
Мемлекет басшысының сөзінен кейін цифрландырудың тиімділігі жаңа платформалардың санымен емес, ұстаздың қанша уақытын үнемдегенімен өлшенетіні аңғарылды.
Өңірлер арасындағы білім алшақтығы сақталып отыр
Президент биылғы ҰБТ нәтижесіне де тоқталды. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізген.
Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Алматы және Ұлытау облыстарындағы нәтижені оң деп бағалау қиын.
Әсіресе Түркістан облысындағы жағдай Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктің жіті назарын талап етеді. PISA-2022 зерттеуі де өңірдегі білім сапасының төмендігін көрсеткен.
Аймақтағы оқушылардың шамамен 75 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан мәселені тек мектеп басшылығы мен мұғалімге артып қою жеткіліксіз. Шалғай елді мекендерде қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, білікті маман тарту қажет.
Президент Әкімшілігі мен Үкіметке білім көрсеткіші төмен өңірлерге тәжірибелік көмек көрсетіп, жағдайды егжей-тегжейлі талдауды тапсырды. Соның негізінде білім сапасын көтеруге арналған кешенді шешім қабылдануға тиіс. Ал «Келешек мектептері» алдағы үш жылда озық оқыту тәсілдерін сынайтын орталыққа айналуы керек.
Оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате табылған
Үкімет жүргізген тексеріс мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықтаған. Тоқаев мұндай олқылықтардың білім сапасына ауыр зардап тигізетінін айтты.
Президент оқу материалына тарихи шындыққа сәйкес келмейтін аңыз бен жалған деректі енгізуге қарсы шықты. Оның пікірінше, жасанды қаһарман мен болмаған ерлік арқылы балаға отаншылдық сіңіру мүмкін емес.
«Жалған, бұрмаланған мәлімет таратып, баланы патриот етіп тәрбиелеу халқымыздың моральдық өзегіне нұқсан келтіреді», – деді мемлекет басшысы.
Ол оқулықтағы сарыуайым мен торығу сарындарының шамадан тыс көп болуын да сынға алды.
«Кейбір қаламгерлеріміз “мұң” деген сөзді жақсы көріп кеткен. “Жүрегімде мұң, көзімде мұң” дейді. Мұң жастар үшін жаман жолсерік», – деді Тоқаев.
Президенттің пайымынша, жас буын өз халқының тарихын дұрыс түсініп, келешекке сеніммен қарауы керек. Оқулық балаға дәрменсіздік емес, қандай қиындықты да еңсеруге болатын жігер сыйлауға тиіс.
Жасанды интеллект ойыншық емес, табыс құралына айналуы керек
Мамырда білім жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойылған. Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында құжаттың орындалуы тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген.
Тоқаев мұны технология қарыштап дамыған тұста жіберілген үлкен олқылық деп атады.
Үкімет орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық стандартын әзірлеуге тиіс. Жоғары оқу орындарында осындай ортақ стандарт қазірдің өзінде қолданылады.
Президент цифрлық құралдар мен смартфон жастардың уақытын алатын ермек емес, табыс табуға мүмкіндік беретін құралға айналуы керектігін айтты. Бұл мүмкіндік ауыл баласына да бірдей қолжетімді болуы шарт.
«Біз цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасына өтуіміз керек. Жасанды интеллект пен оның құралдары қызық үшін қолданатын ойыншық емес, нәпақа табудың тетігіне айналуға тиіс», – деді ол.
Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мүмкіндігін қарастыру да Үкіметке тапсырылды.
18 жастағы оқушы мәселесі қайта қаралуы мүмкін
Тоқаев Назарбаев зияткерлік мектептері мен жекеменшік мектептерде 18 жасқа толған жастардың әлі де мектеп партасында отыруы қаншалықты орынды деген мәселе көтерді.
Президент қазіргі балалардың физиологиялық тұрғыдан ерте жетілетінін ескеріп, оқу мерзіміне қатысты қолданыстағы норманы қайта саралауды ұсынды. Оқу-ағарту министрлігі мәселені зерттеп, қажет болса шешу жолдарын әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге жаңа Конституцияда бүкіл елге ортақ бірыңғай мектеп стандарты бекітілгені ескеріледі.
16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тыйым салынуы ықтимал
Президент балалардың психологиялық қауіпсіздігі мен цифрлық ортадағы қорғалуына ерекше назар аударды.
Үкімет 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп, маусым айында Парламентке енгізген. Тоқаев мәселені Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттардың қарауына ұсынбақ. Оның пікірінше, әлеуметтік желі, цифрлық платформа, жасанды интеллект және агрессивті маркетинг баланың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.
«Салдармен күресуден баланың психологиялық жағдайына төнетін қатердің алдын алуға көшуіміз керек. Әйтпесе оның қоғам тұрақтылығына кері әсері болуы мүмкін», – деді президент.
Үкіметке балаларға арналған контентті сүзу және міндетті балалар SIM-картасын кеңінен енгізу тапсырылды. Арнайы SIM-карта жасөспірімді зиянды ақпараттан қорғаудың қосымша тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Балаларға арналған фастфуд жарнамасы шектелуі мүмкін
Тоқаев қоғамдық кеңістікті жайлаған фастфуд жарнамасына да тоқталды. Мұндай жарнама бала бойында зиянды тамақтану әдетін қалыптастырып, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты арттырады.
Қазір дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Президент бұл көрсеткіштің кемудің орнына өсіп келе жатқанын айтты.
Көптеген мемлекет балаға бағытталған, құрамында майы, қанты және тұзы көп тағам жарнамасын шектейді немесе толық тыйым салады. Үкіметке халықаралық тәжірибені зерттеп, Қазақстанда осындай шара енгізудің медициналық және құқықтық қырын жан-жақты саралау тапсырылды.
Жаңа мектепке ескі тәртіп жарамайды
Тоқаев білім саласына кейінгі жылдары мол қаржы құйылып, мыңнан астам жаңа мектеп салынғанын жоққа шығарған жоқ. Алайда әдемі ғимарат, заманауи кабинет пен цифрлық платформа мұғалімнің уақытын қағазға, жөндеуге және бітпейтін тексеріске жұмсайтын ескі тәртіпті өздігінен өзгерте алмайды.
Президенттің Тамыз конференциясындағы сөзі Үкіметке қойылған талапты айқындап берді. Ұстазды артық міндеттен босату, аттестаттауды түсінікті ету, кадр тапшылығын жүйелі шешу және реформаны тәжірибе алаңына айналдырмау қажет.
Мұғалімнің мәртебесі мерекелік мінберде айтылған мадақпен емес, мектептегі күнделікті еңбегіне жасалған жағдаймен өлшенеді. Ендігі сын Үкімет пен әкімдіктерге түседі: президент атаған кеселдер кезекті хаттамаға айнала ма, әлде ұстаз өмірінде сезілетін нақты өзгеріске ұласа ма?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







