Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Бірегей экожүйені сақтау үшін көл акваториясы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына енгізіледі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Суының ерекше қызғылт реңкімен танылған Көбейтұз елдегі ең көрікті табиғи нысандардың бірі саналады. Көл Астанадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан. Жыл сайын табиғи құбылысты тамашалау үшін мұнда мыңдаған турист келеді.
Келушілер санының артуы жағалауда тиісті инфрақұрылым қалыптастыруды қажет етіп отыр. Осыған байланысты Ақмола облысының әкімдігі көл маңын абаттандыру жұмысын қолға алады. Жоба экологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылмақ.
Жағалау аумағында арнайы бақылау алаңы мен автотұрақ салынады. Тұрғындар мен туристерге көлдің көрінісін қауіпсіз тамашалап, суретке түсуге жағдай жасалады. Инфрақұрылым табиғи ортаға барынша аз әсер ететін қағидатпен орналастырылады.
Көбейтұз кейінгі жылдары Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналды. Алайда туристік қызығушылықтың өсуі көлдің нәзік экожүйесіне қосымша салмақ түсірді. Сондықтан аумақты абаттандырумен қатар табиғатты қорғау режимін күшейту көзделіп отыр.
Көлді келер ұрпаққа табиғи қалпында жеткізу үшін жағалаудағы қозғалысты реттеу, заңсыз тұз жинауға жол бермеу және қоршаған ортаның ластануын болдырмау маңызды. Ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі табиғи нысанды бақылауды жүйелеп, экологиялық талапты бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Бірегей табиғи аумақтарды сақтау мемлекеттік экологиялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі саналады. Жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру Қазақстан қызметінің басты қағидаттарының қатарына енгізілген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту осы міндетті тәжірибе жүзінде жүзеге асырудың маңызды тетігі болмақ.
Шомылып, тұз жинауға тыйым салынады
Көбейтұзды қорғау және жағалауды ретке келтіру шаралары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарымен де үндеседі. Жоба табиғи мұраны сақтау, жауапты туризм мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидатына негізделеді.
Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суының гидрохимиялық құрамына зерттеу жүргізген. Сараптама кезінде аммонийлі азот, аммиак, хлорид, мышьяк, сульфат және өзге де заттардың мөлшері рұқсат етілген шектен жоғары екені анықталды.
Зерттеу қорытындысына байланысты Көбейтұз көлінде шомылуға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар жағалаудан тұз жинауға рұқсат жоқ. Мамандар мұндай әрекет адам денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, көлдің табиғи тепе-теңдігіне зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді.
Абаттандыру жұмысы жүретін кезеңде Көбейтұзға кіру уақытша шектеледі. Азаматтарға жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аумағынан өтуге рұқсат берілмейді.
Көлге апаратын жолдарда тәулік бойы бақылау бекеттері қойылады. Аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесіп патрульдейді. Мұндай шара құрылыс кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғи нысанға заңсыз кірудің алдын алуға бағытталған.
Ақмола облысының әкімдігі тұрғындар мен туристерді белгіленген шектеуді сақтауға шақырды. Табиғат қорғау заңнамасының талаптарын орындау және көл аумағына ұқыпты қарау Көбейтұздың бірегей келбетін сақтаудың негізгі шарты саналады.
Өңір басшылығы табиғи нысанды қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін атап өтті. Көбейтұзды бастапқы қалпында келер ұрпаққа жеткізу қоғамның экологиялық жауапкершілігі мен әр азаматтың табиғатқа деген жанашырлығына байланысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







