Шығыс Қазақстанда Металлургтер күні өңірдің индустриялық қуатын қалыптастырған еңбек адамдарына құрмет көрсетумен ерекшеленді. Салтанатты шарада өндіріс ардагерлері, кәсіпорын қызметкерлері және адам өмірін құтқару кезінде ерлік танытқан мамандар марапатталды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кенді Алтай Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналады. Өңір экономикасында металлургия кешені стратегиялық орын алып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіби мерекеге арналған жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сала өкілдерін құттықтап, өндіріс алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды.
Аймақ басшысының айтуынша, металлургиялық кәсіпорындар өндірісті цифрландыруға, заманауи технологияларды енгізуге және экологиялық тиімділікті арттыруға басымдық беруі қажет. Шикізатты терең өңдеу, еңбек өнімділігін көтеру және өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту де негізгі бағыттардың қатарында тұр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпті дамытуға, инновация енгізуге және еңбек адамын қолдауға ерекше мән береді. Металлургия саласы осы мемлекеттік басымдықтарды жүзеге асырып келеді. Қазір өңір кәсіпорындары өндірісті жаңғыртып қана қоймай, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізіп, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетін нығайтуда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі сала ардагерлеріне де алғыс білдірді. Оның сөзінше, өндірістің берік іргетасын қалаған аға буын жинаған тәжірибесін жас мамандарға табыстап, кәсіби сабақтастықтың сақталуына үлес қосып келеді. Металлургтердің біліктілігі, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы өңір өнеркәсібінің тұрақты дамуына негіз болып отыр.
Биыл мерекелік шара алғаш рет күрделі жөндеуден өткен «Восток» стадионында ұйымдастырылды. Жаңғыртылған нысанның сыйымдылығы мен техникалық мүмкіндігі ауқымды мерекені бір алаңда өткізуге жол ашты. Стадионды жаңарту жұмысына «Қазцинк» компаниясы да қолдау көрсетіп, заманауи жарықтандыру жүйесін орнатуға атсалысты. Қазір алаң бір мезетте сегіз мыңға жуық адамды қабылдай алады.
Кенді Алтайдың болат мінезі
Салтанатты жиын еңбек озаттарын марапаттау рәсімімен басталды. Облыс әкімінің атынан «Қазцинк» компаниясының бірқатар қызметкеріне Алғыс хат табысталды. Олардың өндірістегі көп жылғы еңбегі, кәсіби шеберлігі және кәсіпорын жұмысына қосқан үлесі атап өтілді.
Компанияның бас директоры Жанат Жанботин әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, металлургтердің күнделікті еңбегі тұтас өңір өнеркәсібінің дамуына тірек болып отырғанын айтты. Ол биылғы 5 мамырда болған оқиға кәсіпорын ұжымы үшін ауыр сынаққа айналғанын еске салды.
– Сол күні ұжымның бірлігі мен бір-біріне деген қамқорлығының қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Құтқарушыларға, дәрігерлерге және адам өмірін сақтап қалу үшін жанкештілік танытқан барлық маманға ерекше алғыс айтамын. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен батыл әрекеттеріңіз жоғары құрметке лайық, – деді Жанат Жанботин.

Ол Металлургтер күні әрбір қызметкердің адал еңбегін бағалайтын мереке екенін атап өтті. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы мен келешекке сенімі мамандардың жауапкершілігіне, тәртібі мен өндірістік мәдениетіне тікелей байланысты екенін жеткізді.
Жиында 5 мамырдағы қайғылы оқиға кезінде кәсіпорын қызметкерлерін құтқаруға қатысқан мамандарға айрықша құрмет көрсетілді. Құтқарушылар, дәрігерлер және апаттық-құтқару қызметінің өкілдері төтенше жағдайда жедел әрі кәсіби әрекет еткен. «Қазцинк» апат салдарын жою кезінде ерлік танытқан мамандардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден сыйақы табыстады.
Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен мамандар қатарында Қорғасын медициналық пунктінің меңгерушісі Екатерина Пикулина да болды. Оның айтуынша, төтенше жағдайда уақытты жоғалтпай, белгіленген медициналық хаттамаға сай әрекет ету аса маңызды.
– Мұндай сәтте кәсіби дайындық пен тәжірибе шешуші рөл атқарады. Маманды алаңдататын артық ой болмауы керек. Барлық әрекетті медициналық стандарттарға сай барынша жылдам орындап, зардап шеккен адамды қысқа мерзімде мамандандырылған мекемеге жеткізу қажет, – деді Екатерина Пикулина.
Металлургтер күніне арналған мерекелік бағдарлама концертпен жалғасты. Сахнада Мирас Жүгінісов, «Мадагаскар» және «Банд’Эрос» топтары өнер көрсетті. Қала тұрғындары мен кәсіпорын қызметкерлері танымал әндерді тыңдап, кәсіби мерекені ортақ көңіл күймен атап өтті.
Металлургтер күні Шығыс Қазақстанның өндірістік дәстүрі еңбек адамының табандылығы мен кәсіби жауапкершілігіне сүйенетінін тағы бір мәрте көрсетті. Өңірдің индустриялық әлеуетін сақтап, оны жаңа технологиямен ұштастыруда металлургтердің еңбегі негізгі қозғаушы күш болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







