Семейдің Қарағайлы шағын ауданында 1400 оқушыға арналған BINOM мектебінің құрылысы басталды. Жаңа білім ордасын келесі оқу жылына қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мектептің іргетасын қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, BI Group директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев және BINOM мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова қатысты. Шараға Қазақстанның Еңбек Ері, ұстаз Алма Шүкіжанова да келді. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылады.
Берік Уәли Қарағайлының халық саны жылдам өсіп келе жатқан жаңа тұрғын аудандарының бірі екенін айтты. Мұнда мектеп жасындағы балалар қатары да жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан жаңа білім ордасының құрылысы өңірдегі орын тапшылығын азайтатын маңызды қадам саналады.
Семейдегі нысан BINOM желісінің Қазақстандағы оныншы мектебі болмақ. Қазір Астанада алты, Атырауда үш BINOM мектебі жұмыс істейді. Семей аталған білім беру үлгісі енгізілген еліміздегі үшінші қалаға айналады.
Жаңа мектепте физика, химия, биология, нано және биотехнология бағытындағы зертханалар қарастырылады. Сонымен бірге смарт-сыныптар, робототехника кабинеттері, телестудия, кинозал және металл мен ағаш өңдеуге арналған шеберханалар ашылады. Оқушылар шығармашылық жобаларын 3D-принтер арқылы жүзеге асыра алады.
Ғимаратта мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг алаңдары мен ойын бөлмелері де болады. Speaking Club және TEDxBINOM жобалары оқушылардың еркін сөйлеу, пікір білдіру және көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталады. Мектептің білім беру кеңістігі баланың сабақты меңгеруімен қатар, зерттеу мен шығармашылыққа бейімделуіне жағдай жасамақ.
Қазір Абай облысындағы 306 мемлекеттік мектепте 100 мыңнан астам бала білім алып жүр. Өңірде 6300 оқушы орны жетіспесе, соның 4100-і Семей қаласына тиесілі. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін кейінгі уақытта жалпы сыйымдылығы 3000 орын болатын бес жаңа мектеп пайдалануға берілген.
Олардың қатарында Қарағайлыдағы 1200 орындық, Водный кенті мен Аягөздегі 600 орындық мектептер бар. Бесқарағай ауылында және Семейдің Шығыс кентінде 300 орындық білім нысандары салынды. Қазір Суықбұлақтағы мектеп пен Семейдегі №4 және №30 мектептердің қосымша ғимараттары бой көтеріп жатыр.
Биыл Ақсуат пен Екпін ауылдарында жалпы 600 орындық екі мектептің құрылысы басталмақ. «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орындық тағы бір «Келешек мектебін» салуды жоспарлап отыр. BINOM жобасы осы жұмыстарды толықтырып, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







