Астанада жаңа тұрғын орамдар мен әлеуметтік нысандардың көбеюіне байланысты электр желілеріне түсетін жүктеме күшейіп келеді. Елорданың тарату желілерін жаңғыртуға шамамен 1,5 млрд теңге бағытталады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жұмыс «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізіледі. «Астана-ӨЭК» акционерлік қоғамы кабель желілерінің екі учаскесін қайта жаңартуды жоспарлаған. Жоба электрмен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, қаланың қарқынды дамуына қажетті инфрақұрылымдық қор қалыптастыруға бағытталған.
Негізгі жұмыс Есіл ауданында жүргізіледі. Мұнда кернеуі 20 киловольт болатын, жалпы ұзындығы 7,08 шақырым кабель желісі ауыстырылады. Қолданыстағы желілер небәрі он жыл бұрын салынғанымен, электр энергиясын тұтынудың өсуі олардың қуатын жеткіліксіз ете бастаған.
Жаңғырту «Олимп» және «Әуежай» қосалқы станцияларынан басталатын учаскелерді қамтиды. Қазір кабель арнасын салуға арналған топырақ қазылып, бақылау камераларының негізі дайындалып, бетондау жұмысы жүргізіліп жатыр. Мамандар Хусейн бен Талал көшесінің астымен өтетін құбыр өткелін де төсеп жатыр.
Аталған нысанның дайындығы әзірге 8 пайызды құрайды. Жобаны толық жүзеге асыруға 1,3 млрд теңге жұмсалады. Жаңа желі Есіл ауданындағы құрылыс қарқынына сай өсіп келе жатқан электр сұранысын өтеуге мүмкіндік береді.
Екінші жобаға 202,9 млн теңге қарастырылған. Оның аясында кернеуі 0,4 киловольт болатын, ұзындығы 9,6 шақырым кабель желісі жаңартылады. Аталған желі «Астана Балет» театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясы маңындағы нысандарды электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Қазір 4,8 шақырым жаңа желі тартылған. Жоба өкілдері орындалған жұмысты жоспарланған көлемнің 60 пайызы деп бағалап отыр. Кабель бұрыннан бар арналар мен құбыр өткелдеріне төселетіндіктен, жаңа трасса салуға қажеттілік жоқ.
Жаңғырту технологиялық ақау мен апат кезіндегі электр ажырату қаупін төмендетеді. Жобалар елорданың ең жылдам өсіп келе жатқан аудандарының біріндегі желі тұрақтылығын күшейтеді. Қосымша қуат қоры жаңа тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды кедергісіз қосуға жағдай жасайды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы Қазақстан бойынша 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Бағдарлама коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуді көздейді. Сонымен қатар апат қаупін 20 пайызға қысқарту міндеті қойылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







