Нью-Йорк федералдық соты Венесуэланың биліктен шеттетілген президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорестің ісін қарауды 2027 жылғы 1 маусымға белгіледі. Ерлі-зайыптыға есірткі саудасы, есірткі терроризмі және қаруға байланысты қылмыс жасады деген айып тағылған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шешімді Манхэттендегі үшінші сот отырысында федералдық судья Элвин Хеллерстайн жариялады. Мадуро мен Флорес 2026 жылғы қаңтарда АҚШ әскери күштерінің Каракаста жүргізген операциясы кезінде ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілген. Қорғау тарапы операцияның халықаралық құқыққа сәйкестігіне күмән келтіріп, істі тоқтатуға қол жеткізуге ниетті.
Мадуроның адвокаттары оның операция кезінде мемлекет басшысы болғанын алға тартып, егемендік иммунитетіне сүйенбек. Тиісті өтініш қыркүйекке дейін берілуге тиіс, ал тараптардың уәжін талқылайтын сот отырысы 17 қарашаға жоспарланған. АҚШ әкімшілігі әскери қимылды қылмыстық қудалау аясындағы заңды операция деп сипаттап отыр.
Қорғаушылар бұған дейін АҚШ санкциялары Венесуэла қаражатын адвокаттардың қызметіне жұмсауға кедергі келтіретінін мәлімдеген. Кейін АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы ерлі-зайыптыға венесуэлалық қаражат есебінен заң көмегін төлеуге рұқсат берді. Осыдан соң қорғау тарапы қаржыландыру мәселесіне байланысты өтінішін кері қайтарды.
Америкалық прокурорлардың нұсқасы бойынша, Мадуро мен Флорес мемлекеттік лауазымын пайдаланып, есірткі топтарымен және Венесуэладағы күштік құрылым өкілдерімен байланыс орнатқан. Айыптау тарапы оларды АҚШ аумағына ірі көлемде кокаин жеткізуге бағытталған астыртын желіге қатысы бар деп есептейді. Мадуроға қарсы есірткі терроризмі жөніндегі алғашқы айыптау құжаты 2020 жылы жарияланған еді.
Мадуро мен Флорес тағылған айыптың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қаңтардағы алғашқы отырыста Мадуро өзін кінәсіз әрі Венесуэланың заңды президенті санайтынын мәлімдеді. Ол АҚШ операциясын ұрлау деп бағалап, өзін «соғыс тұтқыны» ретінде сипаттаған.
63 жастағы Мадуро мен 69 жастағы Флорес қазір Бруклиндегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Олар кепілмен босату туралы өтініш бермеген, ал кінәсі дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот процесі дәлел көлемі мен халықаралық-құқықтық дауға байланысты ұзаққа созылуы ықтимал.
Мадуро ісі қарапайым қылмыстық процестің шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Сот АҚШ-тың шетелдегі әскери операциясының заңдылығына, мемлекет басшысының иммунитетіне және ұлттық юрисдикцияның шегіне қатысты күрделі сауалдарға жауап іздейді. Сондықтан 2027 жылғы процесс Венесуэланың бұрынғы билеушісіне шығарылатын үкіммен қатар, халықаралық құқық үшін де маңызды прецедентке айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







