Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты іс сотқа жетті. Прокурор 21 жастағы қыздың басынан өткен қудалауды, күштеп алып кету әрекетін және қайғылы күннің ауыр детальдарын жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айыпталушы Шерхан Аймахан сотқа күзетпен жеткізілді. Алдыңғы отырысқа ол денсаулығына байланысты қатыспаған еді. Бұл жолы оның мойны мен сол қолы медициналық таңғышпен оралған.
Тыңдау барысында прокурор айыптау актісін жариялады. Тергеу мәліметінше, Шерхан Аймаханға аса қатыгездікпен адам өлтіру, аңду (сталкинг) және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Нұрай мен айыпталушы отбасылық жиында танысып, кейін араласа бастаған. Жігіт қызға үйленуге ұсыныс жасағанымен, Нұрай отбасы құруға дайын емес екенін айтып, бас тартқан.
Прокуратураның мәліметінше, осыдан кейін айыпталушы қызды өз еркінен тыс алып кеткен. Нұрай көмек сұрап үлгеріп, туыстары полиция қызметкерлерімен бірге оны әлгі үйден алып шыққан.
Алайда содан кейін де қудалау тоқтамаған. Іс материалдарына сәйкес, Нұрай телефон нөмірін екі рет ауыстырғанымен, айыпталушы байланыс орнатуға әрекеттенген. Бір күні екі сағаттың ішінде оған 76 рет қоңырау шалғаны айтылды.
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Тергеу нұсқасы бойынша, сол күні Нұрай дүкенге шыққанда айыпталушы оны жолықтырып, бірге саябаққа баруды ұсынған. Қыз келіспеген.
Прокурордың айтуынша, айыпталушы өзімен бірге алдын ала дайындаған пышақты алып келген. Алдымен қызға бірнеше рет соққы жасап, оқиға орнынан кетпек болған. Алайда кейін қайта оралып, куәгердің көз алдында шабуылын жалғастырған.
Айыптау тарапы Нұрайдың денесіне 35 жерден пышақ жарақаты салынғанын мәлімдеді. Ол ауыр жарақат пен көп қан жоғалтудан оқиға орнында көз жұмған.
Ал Шерхан Аймахан өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Сондай-ақ ол сот процесіне журналистердің қатысуына және онлайн трансляция жүргізуге қарсы екенін білдіріп, істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады.
Сот тараптардың бәрі келіспегендіктен онлайн трансляция өткізуге рұқсат бермеді. Дегенмен сот процесі ашық режимде өтеді. БАҚ өкілдері сот отырыстарына қатысып, заңда белгіленген тәртіппен түсірілім жүргізе алады.
Айыпталушының мүддесін төрт адвокат қорғаса, жәбірленуші тарапқа екі қорғаушы қатысуда. Сотқа дейінгі тергеу жеті айға созылғанын айта кетейік. Іс қоғам назарында. Марқұмның туыстары әділ үкім күтетінін айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







