Ереван Кремль жетекшілік ететін Еуразиялық одаққа бұрын-соңды болмаған қатаң ескерту жасады. Никол Пашинян одақты «сал болып қалған, шалажансар құрылым» деп атап, ұйымның сағаты соғатын күн жақын деп мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Пашинянның сөзінше, армян тауарларының экспортына қойылған шектеу жалғыз Ереванның мәселесі емес. Кедергілер Еуразиялық одақтың ортақ нарық құра алмағанын, ережелердің қағаз жүзінде қалып қойғанын көрсеткен.
«Мәселе Арменияда емес. Мәселе ұйымның өзінде. Еуразиялық экономикалық одақ іс жүзінде сал болып қалды және жұмыс істемейді. Осы түйткіл жақын арада шешілмесе, одақ біртіндеп іргесі сөгіліп, күйрей бастайды деп болжап отырмын», – деді Пашинян.
Армения премьері Ресей президенті Владимир Путинмен жуырдағы әңгімесінде бірқатар мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгенін жеткізді. Солай бола тұра Ереванның сыртқы саясаттағы балама бағытынан бас тартпайтынын ашық аңғартты.
«Арменияның ешкімге қарайламай, өзіне тиімді болатын балама жол жүргізетін толық құқығы бар. Путинге осы сүрлеуді салғанымызды және әрі қарай жалғастыратынымызды шегелеп айттым. Әсіресе қазір, Армения халқы осы бағытты қолдап дауыс бергеннен кейін кері шегінбейміз», – деді ол.
Пашинян Еуропалық одақ пен Еуразиялық арасындағы таңдау жөнінде референдум өткізу мүмкіндігіне де тоқталды. Айтуынша, мұндай саяси таңдау жасалмас бұрын Армения Еуроодаққа кіруге ресми өтініш беруі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






