Ендігіде әлемжелідегі арсыздық еріккеннің ермегі немесе контент үшін жасалған әзіл деген желеумен жылы жабыла салмайды. Мемлекет хайп үшін шектен шығатындардың сазайын беретінін сездіре бастады деп жазады Ertenmedia.kz.
Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің кешегі жазбасын Ақордадан жеткен сигнал ретінде қабылдау қажет.
Бұдан былай аудиторияның көптігі ешкімге қоғамдық нормыны табанға таптауға рұқсат бермейді. Миллион қаралым заңнан жоғары тұрмайды.
Соңғы бірнеше жылда әлемжеліде, әсіресе Тиктокта осындай каста қалыптасып алды. Біреудің намысын таптау, әлсіз бен мұхтажды келемеждеу, қоғамдық орындағы оғаш қылық табыс әкелетін тауарға айналып кеткен-тұғын.
Хайп қуғанның әрекеті әдетте телефонның ішінде қалып қоймайды. Оны күні ертең сіз бен біздің үйімізде өсіп келе жатқан ұл-қызымыз да қайталауы ғажап емес. Қарин көтерген мәселенің салмағы да осында.
Енді айыппұлмен құтылмайсыз
Бұрын тәртіп бұзған блогерге әрі кетсе штрап салынып, іс сонымен жабылып тынатын. Билік бұдан былай мұндайлармен мәймөңкелесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп отырмайды. Өйткені әлгілердің дені не істеп жүргенін жақсы біледі. «Олай жасама» деген ескерту біртіндеп «жасаған әрекетіңе жауап бересің» деген қағидаға орын босатып жатыр.
Сәденов? Ішкі істердің түнеукүні 9 тиктокердің атын атап, түсін түстеп, абақтыға қамауы соның алғашқы нышаны.
Біздіңше, әлемжелідегі арзан атақтан түскен табысты тәркілеу тетігін де қарастырған жөн. Құқық бұзу экономикалық жағынан тиімсіз болғанда ғана хайп индустриясының аптығы басылады.
Арзан абыроймен танылған адамның банктен несие алу мүмкіндігі, мемлекеттік грант мен дұрыс қызметке қол жеткізуі шектелсе, хайптың нарқы да бір заматта құлайды. Бірақ, бір гәп бар.
Әдеп төменнен ғана талап етілмеуі тиіс. Мемқызметкердің менмендігі, шенеуніктің дөрекілігі, полицияның өктемдігі де жаңа этиканың өлшеміне түсуі қажет. Сіз бен бізге «мәдениетті бол» деген мемлекет алдымен өзінің мінез-құлқын да түзеуге міндетті.
Үлкен үйдегі қауым осы тұста қоғамның ақпараттық (тұтыну) мәдениетін өзгертетін балама концепция ұсынады деген ойдамыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







