Алматының Медеу ауданындағы Жамбыл және Төлебаев көшелерінде көгалдандыру жұмысы аяқталып, заманауи автоматты суару жүйесі іске қосылды. Жоба жасыл желекті біркелкі суарып, суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жамбыл көшесінің Достық даңғылынан Назарбаев көшесіне дейінгі бөлігі мен Төлебаев көшесінде сорғы станциялары орнатылды. Автоматты суару желісінің жалпы ұзындығы шамамен 14 шақырымды құрайды.
Жаңартылған жүйе ағаштарды, бұталар мен көгалды белгіленген кесте бойынша суарады. Соның арқасында жасыл желекті күтіп-ұстау сапасы артып, су шығыны азаяды. Қолмен суаруға тәуелділік те төмендейді.
Жобаның іске асырылу барысы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында таныстырылды.
Медеу ауданы әкімдігінің өкілі Азат Кәкетаевтың айтуынша, жұмыс «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Биыл ауданда қолға алынған 30 жобаның 10-ы көгалдандыру мен автоматты суару жүйесін орнатуға бағытталған.
– Жобаларды тұрғындардың өздері ұсынды. Олар нысандарды таңдауға және жобалық ұсыныстарды қалыптастыруға белсенді қатысты, – деді Азат Кәкетаев.
Автоматты суару жүйесі жайлы қалалық орта қалыптастыруға арналған кешенді жұмыстың бір бөлігі саналады. Заманауи технология жасыл желектің жағдайын жақсартып, қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







