Алматыда шағын өнеркәсіптік парктер өндірістік бизнесті қолдайтын негізгі тетіктің біріне айналды. Дайын ғимарат пен инженерлік инфрақұрылым кәсіпкерлерге өндірісті қысқа мерзімде іске қосып, бастапқы шығынды азайтуға мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, шағын өнеркәсіптік парктер жаңа өндіріс ашуға қажетті уақытты едәуір қысқартады. Кәсіпкер жер телімін рәсімдеу, ғимарат салу және инженерлік желі тарту жұмыстарымен айналыспай, өнім шығаруға, технология енгізуге және өткізу нарығын кеңейтуге басымдық бере алады.
– Шағын өнеркәсіптік парктер шағын және орта өндірістік бизнесті дамытуға қолайлы өнеркәсіптік экожүйе қалыптастырады, – деді Ерлан Жайлаубай.
Қазір Алматыда жалпы аумағы шамамен 95 мың шаршы метр болатын 23 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді. Оларда түрлі саладағы 101 шағын және орта кәсіпорын орналасқан.
Қалада жалпы құны 46,9 млрд теңгені құрайтын тағы 67 парк жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың жиынтық аумағы 388,2 мың шаршы метрге жетеді. Барлық жоба іске қосылғанда 6 564 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа алаңдардың негізгі бөлігі Алматы индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда 68 гектарға жуық жерге 63 жоба салу жоспарланған. Инвестиция көлемі шамамен 46 млрд теңгені құрайды. Өндірістік ғимараттардың жалпы ауданы 373 мың шаршы метрден асып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Ерлан Жайлаубайдың пікірінше, кәсіпкерлер тарапынан сұраныстың өсуі форматтың тиімділігін көрсетеді. Дайын өндірістік алаң қаржылық кедергіні төмендетіп, шағын бизнестің өнеркәсіп саласына кіруін жеңілдетеді.
Шағын парктер қала экономикасына мультипликативті әсер береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімі артады, өндірістік кооперация дамиды. Жергілікті кәсіпорындар ірі зауыттарға қосалқы бөлшек, шикізат және қызмет ұсынуға мүмкіндік алады.
Осылайша шағын өнеркәсіптік парктер Алматының өндірістік әлеуетін арттыратын негізгі өсу нүктесіне айналып келеді. Олар кәсіпкерлікті дамытуға, импортты алмастыруға және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін көбейтуге жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







