Жезқазғанда азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өзара іс-қимылын күшейту жолдары талқыланды. Сарапшылар қоғамдық ұйымдарды саяси шешімдер мен партиялық бағдарламаларды әзірлеуге тарту азаматтардың сенімін арттыратынын айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 6 тамызда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Азаматтық қоғам және партиялар. Өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеу жолында» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысын өткізді.
Жиынға Ұлытау облысының үкіметтік емес ұйымдары, ғылыми орта, қоғамдық қорлар мен Қоғамдық кеңес өкілдері қатысты. Кездесуде азаматтық қоғамның саяси жаңғырудағы рөлі, партиялармен байланысы, электоралдық мәдениет және қоғамдық сенім мәселелері қаралды. Қатысушылар 5 тамыздағы теледебаттың аудиторияны саяси үдеріске тартудағы маңызын да талдады.
ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым азаматтық қоғамның саяси үдерістердің толыққанды қатысушысына айналғанын айтты. Оның пікірінше, қоғамдық ұйымдар партияларға халық сұранысын терең түсінуге, әлеуметтік топтардың мүддесін ескеруге және тұрақты диалог орнатуға көмектеседі.
«Zertteu Research Institute» қоғамдық қоры директорының орынбасары Алтынай Нұркеева Ұлытаудағы орнықты даму жобасының тәжірибесін таныстырды. Жоба аясында үкіметтік емес ұйымдар, депутаттар, қоғамдық кеңестер мен бастамашыл топтар жергілікті қажеттілікті бағалап, бастамалардың орындалуын бірге бақылаған. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор мәселені анықтаудан нәтижені бағалауға дейін әріптестік орнатқанда жобалардың сапасы артып, халық сенімі күшейеді.
Қазақстан Азаматтық альянсының облыстық филиалының төрағасы Әсем Асанханова мемлекеттік органдар, партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі тұрақты нәтиженің негізгі шарты екенін атап өтті.
ҚҚДИ Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының директоры Әлия Масалимова өңірлік дамудың басты өлшемі экономикалық өсім мен өмір сапасы екенін айтты. Оның ойынша, халық пікірін ескеру, кері байланысты күшейту және өңіраралық теңгерімсіздікті азайту мемлекеттік институттарға деген сенімге тікелей әсер етеді.
Облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлбану Сейтжанова азаматтық бастамаларды ілгерілетудегі Қазақстан Халық Кеңесінің рөліне тоқталды. Самал Садыкова ерекше қажеттілігі бар адамдарға қатысты шешімдер ата-аналардың қатысуымен қабылдануға тиіс екенін айтты.
Отырыс соңында қатысушылар мемлекет, партиялар және азаматтық қоғам арасындағы тұрақты әріптестік қоғамдық сенім мен саяси мәдениетті нығайтудың негізгі шарты деген ортақ пікірге келді. Диалог алаңдарын жүйелі өткізу және азаматтарды қоғамдық-саяси шешімдерге кеңінен тарту жөнінде ұсынымдар әзірленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







