«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Талдықорғандағы саябақтар мен Қаратал өзенінің жағалауында автоматты суару жүйесі іске қосылды. Жаңа инфрақұрылым жасыл желекті тұрақты күтіп-баптап, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Жастар» мәдени-демалыс саябағы мен Қаратал жағалауындағы абаттандыру жұмыстарын тексерді. Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Талдықорғанда жалпы ұзындығы 54,8 шақырым автоматты суару желісі салынып жатыр. Жобалар «Жастар», «Ардагерлер» саябақтары мен Қаратал жағалауын қамтиды.
Аумағы 4,05 гектар болатын «Жастар» саябағында 40,5 мың шаршы метр жер көгалдандырылған. Автоматты суару жүйесі іске қосылып, қазір көк шөпті қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.
Өңір басшысы мердігерлерге шөп шықпаған аумақтарды тегістеп, қара топырақ төсеуді және көпжылдық өсімдіктер егуді тапсырды. Оның айтуынша, тұрақты суару жүргізілсе, көгал тамыз-қыркүйек айларында толық көтерілуге тиіс.
Бейбіт Исабаев саябақты күтіп-баптауға атсалысып жүрген «Жасыл ел» жасағының мүшелерімен де кездесті. Ол саябақтарға жерасты инженерлік желілері тартылып, су резервуарлары мен сорғылар орнатылғанын атап өтті.

Жетісу жер жаннаты деп бекер айтылмаған. Өңірдің саябақтары атына сай жап-жасыл болуы керек. Қала бәрімізге ортақ, сондықтан жастар мен тұрғындар бірігіп жұмыс істесе, «Жастар» саябағын ең көркем орындардың біріне айналдыра аламыз, — деді облыс әкімі.
Қаратал жағалауында да автоматты суару жүйесі жұмыс істеп тұр. Өңір басшысы мердігерге арам шөпті уақытылы шабу, көгал күтімін күшейту және жұмысшы санын көбейту жөнінде тапсырма берді. Анықталған кемшіліктер бір ай ішінде жойылуға тиіс.
Келесі жылы жағалаудағы балалар ойын және спорт алаңдарын жаңарту жоспарланған. Қала тұрғындары абаттандырылған жағалаудың серуендеуге, спортпен айналысуға және отбасымен демалуға қолайлы орынға айналғанын атап өтті.
Талдықорғанда жалпы аумағы 125,8 гектар болатын 6 саябақ пен 42 сквер бар. Өткен жылы су шығынын азайту мақсатында 21 саябақ пен сквер қалалық су құбырынан жерасты ұңғымалары арқылы жұмыс істейтін автоматты суару жүйесіне көшірілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







