Қазақстандықтар 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында өз сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын онлайн біле алады. Ол үшін GOV.KZ платформасында арнайы сервис іске қосылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Онлайн-қызмет азаматтарға дауыс беретін орнын алдын ала анықтап, сайлау күні уақыт жоғалтпауға мүмкіндік береді. Сервисті пайдалану үшін сайлаушы өзінің өңірін таңдап, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Жүйе тиісті сайлау учаскесінің нөмірі мен нақты мекенжайын автоматты түрде көрсетеді.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін бір мезетте үш онлайн-сервис әзірленген. Сайлау учаскесін GOV.KZ платформасындағы арнайы бөлімнен, сондай-ақ sailau.gov.kz және sailau2026.gov.kz ресурстарынан тексеруге болады.
Қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді. Ол «Танымал қызметтер» бөлімінде орналасқан. Азаматтар смартфон арқылы ЖСН енгізіп, өз учаскесі туралы қажетті мәліметті бірнеше қадаммен ала алады.
Сайлау учаскесін QR-код арқылы анықтау мүмкіндігі де қарастырылған. Кодты телефон камерасымен сканерлегеннен кейін пайдаланушы тиісті сервиске автоматты түрде өтеді.
Онлайн іздеу жүйесі әсіресе тұрғылықты мекенжайын ауыстырған, қай учаскеге тіркелгенін нақты білмейтін немесе сайлау күні басқа ауданнан келетін азаматтарға қолайлы.
Сайлау учаскесін алдын ала тексеру дауыс беру рәсімін жеңілдетіп, азаматтың қажетті мекенжайды дер кезінде табуына көмектеседі. Сондықтан 23 тамызға дейін учаскенің нөмірі мен орналасқан жерін нақтылап алған жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







