Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын қарап, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді. Жиында инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, су үнемдеу, жерді тиімді пайдалану, әлеуметтік инфрақұрылым және Құрылтай сайлауына дайындық мәселелері талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы кей елді мекендердің экономикалық әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды. Мәселен, туристік мүмкіндігі жоғары Бесқайнар ауылдық округінде инвестициялық жоба аз. Есік қаласында жыл басынан бері 4 млрд 355 млн теңге инвестиция тартылғанымен, іске асырылып жатқан жобалар саны жеткіліксіз деп бағаланды.
Тескенсу ауылдық округінде инвестиция көлемі 11,2 млрд теңгеге жеткен. Мұнда жеміс-жидек пен көкөніс өңдеу зауыты, балық шаруашылығы және әмбебап базар жобалары қолға алынған. Рахат ауылдық округінде 2 млрд теңгеге нан өнімдерін шығаратын зауыт салынып, 300-ге жуық жұмыс орны ашылды. Азат ауылында 1,7 млрд теңгелік чипсы цехы іске қосылып, 150 адам жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын кеңейтуге ерекше мән берілді. Қырбалтабай округінде мұндай жүйе 1200 гектарға енгізілсе, Түргендегі 1210 гектар бақ пен жеміс-жидек алқабының 751 гектары тамшылатып суарылады. Ал Сөгеті, Бәйдібек би, Рахат секілді бірқатар округте көрсеткіш төмен. Марат Сұлтанғазиев мемлекет ұсынатын 80 пайыздық субсидияны тиімді пайдаланып, шаруалар арасында түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.
Пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтаруда Сөгеті ауылдық округі алда тұр. Мұнда 2700 гектарға жуық жер қайтарылған.
Әлеуметтік инфрақұрылымда да бірнеше жоба аяқталды. Тескенсуда 125 орынды балабақша мен 50 орынды дәрігерлік амбулатория салынды, 50 орынды спорт кешенінің құрылысы басталды. Ащысай мен Сатай ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға дайын. Бәйдібек би округінде 50 шақырым су желісі жаңартылып, елді мекендер ауызсумен толық қамтылды.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» аясындағы жұмысты сенбілікпен шектемеуді талап етті. Тұрғындар іргелес аумақты күтіп ұстауға міндетті, ал талап орындалмаған жағдайда заң аясында тиісті шара қолданылуы қажет екенін айтты.
Жиында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық та қаралды. Ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің дайындығы, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және заң талаптарының сақталуы тексеріліп, ұйымдастыру шараларын бәсеңдетпеу тапсырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







