Алматы облысында электр энергиясынан ажыратылған елді мекендердің басым бөлігінде жарық қайта берілді. Сағат 18:30-дағы мәлімет бойынша әлеуметтік маңызы бар, тіршілікті қамтамасыз ететін және режимдік-стратегиялық нысандар электр қуатымен толық қамтылып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ Іле, Еңбекшіқазақ, Балқаш, Жамбыл, Талғар, Ұйғыр, Райымбек және Кеген аудандарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілген.
Қарасай ауданында желіге қосу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жандосов, Шамалған, Бекболат, Қайнар, Құмарал, Еңбекші, Айтей, Жамбыл, Ұлан және Тұрар ауылдарына электр энергиясы берілді.
Сонымен қатар Елтай, Исаев ауылдары, Қаскелең қаласының бір бөлігі және Береке ауылы қайтадан электр желісіне қосылған.
Жібек жолы, Көкөзек, Қолашы, Көлді ауылдарында, Елтай мен Берекенің жекелеген аумақтарында және Қаскелең қаласының бір бөлігінде электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Мамандар қалған тұтынушыларды желіге қосу үшін қажетті техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр.
14 тамызда «KEGOC» АҚ-ның 500 кВ электр беру желілерінің апатты жағдайда ажырауы салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылған. Соның нәтижесінде Алматы облысының бір бөлігіндегі тұтынушылар электр энергиясынан уақытша ажыратылды.
Қазір «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары электр қуатын кезең-кезеңімен қалпына келтіруді жалғастырып жатыр. Жағдай бақылауда, жауапты қызметтер апат салдарын толық жою бағытында үйлесімді жұмыс істеуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







