Қазақстанда бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы биыл 10 пайызға өсті. Ал жұмыс істейтін ата-аналарға төленетін декреттік төлемнің орташа мөлшері 1,2 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып белгіленді. Соған сәйкес, ел арасында жөргекпұл аталып кеткен біржолғы жәрдемақының мөлшері:
- бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге;
- төртінші және одан кейінгі әр балаға 272 475 теңге.
Егіз, үшем немесе одан көп сәби дүниеге келсе, жәрдемақы әр балаға жеке есептеледі. Мәселен, тұңғышы егіз болған отбасы екі бала үшін жалпы 328 700 теңге алады.
Жөргекпұл ата-ананың жұмыс істейтініне немесе табысына қарамастан төленеді. Оған Қазақстан азаматтарымен бірге қандастар және елде тұрақты тұратын шетелдіктер де өтініш бере алады. Жәрдемақы асырап алынған және қамқоршылыққа берілген балаға да қарастырылған.
Бұған қоса, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы беріледі:
- бірінші балаға 24 912 теңге;
- екінші балаға 29 454 теңге;
- үшінші балаға 33 952 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаға 38 493 теңге.
Ал ресми жұмыс істейтін ата-ана Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлек төлем алады. Оның көлемі кейінгі екі жылдағы әлеуметтік аударым жүргізілген орташа табыстың 40 пайызына қарай есептеледі. 2026 жылғы мамырдағы мәлімет бойынша, бала күтіміне байланысты мұндай ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері 86 мың теңгеден асқан.
Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы декреттік төлем де әйелдің кейінгі 12 айдағы табысына тәуелді. Оның орташа көлемі биыл шамамен 1,2 млн теңгеге жетті.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, 1 маусымға дейін 149,8 мың адамға бала тууына байланысты 29,6 млрд теңге төленген. Бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақыны 131,2 мың жұмыс істемейтін ата-ана алған. Бұл мақсатқа 21 млрд теңге жұмсалды.
Әзірге жөргекпұлдың мөлшерін қайта өсіру немесе жаңа төлем енгізу жөнінде ресми шешім жарияланған жоқ. Қазіргі қолданыстағы сомалар жыл басында жасалған 10 пайыздық индекстеу нәтижесінде бекітілген. Жәрдемақыны сәби туған күннен бастап 18 айдан кешіктірмей рәсімдеу қажет. Өтініш eGov, банк қосымшалары, ХҚКО немесе SMS арқылы қабылданады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







