Қазақстанның сыртқы саясатынан Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше мәртебесін бекіткен тағы бір норма алынып тасталды. Экс-елбасының сыртқы саясаттағы маңызды мәселелер бойынша халыққа, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға өмір бойы бастама жолдау құқығы енді ресми тұжырымдамада жоқ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев 2020 жылғы 6 наурызда қабылданған Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгеріс енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.
Бұрын тұжырымдаманың «Сыртқы саясатты іске асыру құралдары» бөлімінде мынадай нормы болған:
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға тарихи миссиясына байланысты сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері жөнінде Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға бастама жасау құқығы өмір бойы тиесілі».
Жаңа жарлықпен аталған тармақ толықтай алынып тасталды
Осылайша, Назарбаевтың сыртқы саясатқа ықпал етуіне құқықтық негіз болған арнайы артықшылықтың тұжырымдамадағы соңғы ізі өшірілді.
Құжаттағы өзгерістер жаңа Конституция талаптарына сәйкестендірумен де байланысты. Соған сай бұрынғы «Парламент» атауы «Құрылтай» сөзімен алмастырылған. Құрылтай Қазақстанның заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде көрсетілді.
Сыртқы саясаттың негізгі қағидалары да жаңаша жазылған. Құжатта Қазақстанның көпвекторлы, прагматикалық әрі белсенді бағытты ұстанатыны, сонымен бірге ұлттық мүддені мызғымас негіз ретінде қорғайтыны атап көрсетілген.
Контекст
Назарбаевтың саяси артықшылықтарын заңнамадан алып тастау бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен жүріп келеді. 2022 жылы ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығынан айырылды. Ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды шешімдерді онымен келісу талабы да жойылды.
2023 жылы тұңғыш президент Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев қоры Жоғары қамқоршылық кеңесінің басшылығынан шығарылды.
14 тамызда күшіне енген жаңа жарлық осы үдерістің сыртқы саясаттағы жалғасына айналды. Бір кездері «тарихи миссия» деген желеумен өмір бойына берілген өкілеттік енді Қазақстанның ресми сыртқы саясат құжатында да жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







