Қонаев қаласында Алматы облысы әкімдігі жанындағы суицидтің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында балалар мен жасөспірімдердің психоэмоционалдық жағдайын ерте анықтау, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмысты күшейту мәселелері талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Отырысқа Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева және Алматы облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова қатысты.
Комиссия мүшелері 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, профилактикалық жүйені одан әрі жетілдіру бағыттарын белгіледі.
Негізгі назар балалар мен жасөспірімдердің психоэмоционалдық ахуалындағы өзгерістерді ерте кезеңде байқауға аударылды. Дағдарыстық жағдайдың алдын алу, дер кезінде мамандандырылған көмек көрсету және психологиялық сүйемелдеудің үздіксіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің қатарына енгізілді.
Жиында қауіп факторларын ерте анықтаудың маңызы да атап өтілді. Психологиялық қолдауды қажет ететін азаматтарды бір реттік консультациямен шектемей, жағдай тұрақталғанға дейін кәсіби сүйемелдеу қажеттігі айтылды.
Осы бағытта Облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары аудан мен қалаларға тұрақты түрде шығып, консультациялық көмек көрсетіп жүр. Дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандармен жеке жұмыс жүргізіліп, қажет болған жағдайда медициналық және психологиялық қолдау ұйымдастырылады.
Сонымен қатар білім беру және медициналық ұйымдардың мамандарына әдістемелік көмек көрсетіліп жатыр. Психологтер мен өзге де мамандардың кәсіби құзыретін арттыруға арналған оқыту жұмыстары жалғасуда.
Баланың көңіл күйіндегі өзгерістерді балқылау маңызды
Комиссия психологиялық көмекті тұрғындарға барынша қолжетімді ету мәселесін де қарастырды. Сенім телефондары мен цифрлық байланыс арналарының тиімділігін арттыру, азаматтардың көмекке жедел жүгінуіне мүмкіндік беретін тетіктерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу мен өзара әрекет алгоритмін жетілдіруге де басымдық берілді. Мұндай үйлесім тәуекел байқалған жағдайда қажетті көмекті кешіктірмей ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыс комиссия күн тәртібінің жеке бағытына айналды. Мектептерде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру, буллингтің алдын алу және оқушының эмоционалдық жағдайындағы өзгерісті дер кезінде байқау қажеттігі атап өтілді.
Педагогтердің, ата-аналардың және оқушылардың психологиялық сауаттылығын арттыру да маңызды міндет ретінде белгіленді. Комиссия мүшелерінің пікірінше, баланың мінез-құлқындағы немесе көңіл күйіндегі өзгерістерді ерте байқау мамандардың ғана емес, оның айналасындағы ересектердің де жауапкершілігін талап етеді.
Жиын қорытындысында суицидтің алдын алу бір ғана ведомствоның жұмысы бола алмайтыны айтылды. Медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері, психологтер, әлеуметтік қызметтер, құқық қорғау органдары, ата-аналар мен қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана тұрақты профилактикалық жүйе қалыптасады.
Комиссия өңір тұрғындарының, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен психикалық саулығын қорғауға бағытталған жұмысты осы қағида негізінде жалғастыруға келісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







