Қазақстан білім берумен қамтудың жоғары деңгейіне жетіп, елдегі жұмыссыздық шамамен 4,5 пайыз деңгейінде қалып отыр. Сарапшылар ендігі негізгі міндет білім мен жұмыстың қолжетімділігін ғана емес, олардың сапасын, еңбек өнімділігін және экономикадағы қосымша құнды арттыру деп есептейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай пікір Астанада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum барысында айтылды. Жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, талдау орталықтары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың айтуынша, қазіргі көрсеткіштер елде адами капиталды дамытудың келесі кезеңіне өту үшін қажетті негізгі жағдай қалыптасқанын көрсетеді.
Оның пікірінше, қоғам дамуының жаңа сатысында азаматтың білім алу мүмкіндігі немесе жұмыс орнының болуы жеткіліксіз. Білімнің нақты сапасы, адамның кәсіби әлеуеті, еңбек өнімділігі және оның экономикада қанша қосымша құн қалыптастыра алатыны маңызды өлшемге айналып келеді.
Мұндай өзгеріс әлеуметтік саясаттың логикасына да әсер етеді. Бұған дейін негізгі назар білімге, медицинаға және еңбек нарығына қолжетімділікті кеңейтуге аударылса, енді сол мүмкіндіктердің адамның өмір сапасына және экономикалық нәтижеге қаншалықты ықпал ететіні алдыңғы қатарға шығып отыр.
Форумда халықтың өмір сүру сапасына қатысты бірқатар оң динамика да атап өтілді. Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы бес жылдан астамға өсіп, шамамен 76 жасқа жеткен.
Сонымен бірге ана мен бала өлімінің көрсеткіштері төмендеп келеді. Мұндай үрдіс денсаулық сақтау жүйесінің нәтижелілігімен қатар халықтың жалпы әл-ауқаты мен медициналық қызметтің қолжетімділігіне қатысты өзгерістерді де көрсетеді.
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы кезеңде Қазақстан үшін адами капиталды экономикамен тиімді байланыстыру шешуші міндеттердің біріне айналмақ. Яғни білім алған адамның білімі еңбек нарығында сұранысқа ие болып, оның кәсіби қабілеті жоғары өнімді жұмысқа және жаңа экономикалық құн қалыптастыруға қызмет етуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда еңбек өнімділігі, кәсіби даярлықтың сапасы, технологиялық дағды және заманауи мамандықтарға бейімделу әлеуметтік саясаттың жаңа өзегіне айналады. Бұл экономиканың күрделенуі мен жоғары қосылған құны бар салалардың дамуына да тікелей байланысты.
National Think Tank Forum Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өтті. «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» тақырыбындағы алаңда елдің ұзақмерзімді дамуы, әлеуметтік саясат және адами капиталдың жаңа моделіне қатысты ұсыныстар талқыланды.
Форумдағы негізгі ойлардың бірі – Қазақстан енді базалық мүмкіндіктерді кеңейту кезеңінен сол мүмкіндіктердің сапасын арттыру кезеңіне өтіп келеді. Келесі стратегиялық міндет адамға салынған инвестицияның білімде, еңбек нарығында, денсаулықта және экономикалық өнімділікте нақты нәтижеге айналуын қамтамасыз ету болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







