Украина билігі балалар арасында кең тараған «Маша мен аю» мультсериалына қатысты қатаң шешім қабылдады. Владимир Зеленский жобаны өндіруге және таратуға қатысы бар бес Ресей азаматы мен төрт ұйымға санкция енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Киевтің пайымдауынша, мультсериал балаларға арналған көңіл көтеретін өнім кейпінде ресейшіл ұстанымдарды насихаттауға пайдаланылып отыр.
Шектеу тізіміне «Маша мен аюды» шығарған «Анимаккорд» студиясы, оның негізін қалаушы әрі бас директоры, сценарий авторы, режиссері мен продюсері, мультфильмнің бірлескен авторы және құқық иесі енген.
Украина билігі санкцияға іліккен азаматтардың бірін Ресей бюджетіне әлі де қаражат аударып отыр деп айыптады. Алайда оның аты мен аударылған қаржы көлемі жарияланған мәліметте нақтыланбаған.
Украинада мультфильм әлі де танымал
Соғыс пен ресейлік медиаконтентке қойылған шектеулерге қарамастан, «Маша мен аю» украин балалары арасында сұранысын жоғалтпаған. 2025 жылғы тамызда мультсериалдың YouTube арнасы Украина аудиториясындағы танымал балалар арналарының қатарына кірген.
Украинаның Ұлттық полициясы 2025 жылғы қазанда жобаның Ресеймен байланысына назар аударып, сериалға қатысы бар компаниялар мен азаматтарға санкция салуды ұсынған еді.
Мультфильмге қатысты дау кейінгі жылдары ғана туған жоқ. 2017 жылы Украинаның Мемлекеттік кино агенттігі жанындағы комиссия сериалға тыйым салу туралы талапты қарастырған.
Сол кезде қарсы тарап мультфильмде ресейлік насихаттың астары бар деген уәж айтқан. Мысал ретінде басты кейіпкердің НКВД қызметкерінің бас киіміне ұқсайтын қалпақпен көрінетін эпизоды келтірілді. Украинада НКВД кеңеске қарсы азаттық қозғалыстарын басып-жаншыған репрессиялық құрылым ретінде қабылданады.
«Маша мен аюға» қатысты жаңа санкциялар Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан бері Киевтің ресейлік ақпараттық және мәдени өнімдердің таралуын шектеуге бағытталған саясатының жалғасы саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







