Құрылтай депутаттарын сайлау күні ел бойынша 90 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азамат дауыс береді деп күтілуде. Осыған байланысты сайлау учаскелерінде олардың еркін кіріп-шығуына, қозғалуына және өз бетінше дауыс беруіне жағдай жасауға ерекше назар аударылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында тұратын Светлана Зеленская №120 сайлау учаскесіне инватаксимен келіп, қолжетімділік жағдайын өз көзімен бағалады.
Оның айтуынша, сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
«Мен сайлауға алғаш рет қатысып тұрған жоқпын. Бұған дейін Мемлекет басшысын, Парламент депутаттарын сайлауда және референдумда дауыс бердім. Әр дауыс маңызды деп санаймын. Белсенділік таныту арқылы еліміздің дамуына өз үлесімізді қосамыз», – деді Светлана Зеленская.
Ол инватаксиден бастап, көмекке шақыру батырмалары мен арнайы тұтқаларға дейінгі қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
Сайлау учаскесінде пандустар, арбамен жүретін азаматтарға бейімделген арнайы дауыс беру кабиналары және қолжетімді ақпараттық стендтер орнатылған.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің дайындығы бұған дейін арнайы мониторинг топтары арқылы тексерілген. Мамандар азаматтардың ғимаратқа өздігінен кіріп-шығу, іште еркін қозғалу және дауыс беру мүмкіндігін бағалады.
Мониторинг барысында пандустар мен тұтқалардың жағдайы, көмекке шақыру түймелері, арнайы автотұрақтар және арбамен еркін бұрылуға жеткілікті алаңдардың болуы тексерілді.
Сонымен қатар табалдырықтардың қолайлылығы, санитарлық бөлмелерге кіру мүмкіндігі және қозғалысқа кедергі келтіретін өзге де факторларға назар аударылды.
Тексеру кезінде анықталған кемшіліктер жойылып, сайлау учаскелері барлық азаматты қабылдауға дайындалған.
Светлана Зеленскаяның №120 учаскеге келуі сайлау инфрақұрылымындағы инклюзивтіліктің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көрсеткен мысалдардың бірі болды. Негізгі мақсат – әр азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан, өз таңдауын дербес және кедергісіз жасауына мүмкіндік беру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







