Абай облысында Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша барлық сайлау учаскесі жұмысын бастады. Өңірде 402 408 сайлаушы тіркелген, дауыс беру үшін 464 учаске құрылып, олардың барлығы қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыстағы 464 сайлау учаскесінің 429-ы ашық, 35-і жабық форматта жұмыс істейді. Сайлаушылар тізімі тиісті актілер негізінде учаскелік сайлау комиссияларына тапсырылған.
Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыруға барлығы 477 сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Оның құрамына бір облыстық, 12 аумақтық және 464 учаскелік сайлау комиссиясы кіреді.
Комиссияларда 3 261 адам қызмет атқарады. Олардың 91,01 пайызының сайлау процесін ұйымдастыру тәжірибесі бар. Комиссия құрамында бос орын жоқ.
Сайлау учаскелерінің ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді болуына да жеке назар аударылды. Облыста дауыс беру кезінде қосымша жағдайды қажет ететін 2 194 сайлаушы тіркелген. Бұл жалпы сайлаушылар санының 0,5 пайызын құрайды.
Өңірдегі барлық 429 ашық сайлау учаскесі пандустармен толық жабдықталған. Оның 397-сінде көру қабілеті төмен азаматтардың қозғалуына көмектесетін түрлі тактильді көрсеткіштер орнатылған.
Дауыс беру күні азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша орналасқан учаскелерге қажет болған жағдайда қосымша мобильді пандустар қойылады.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін 29 инватакси жұмылдырылған. Бұдан бөлек, бес елді мекенде тағы тоғыз арнайы көлік қызмет көрсетеді.
Осылайша Абай облысында дауыс беру процесін ұйымдастырумен қатар сайлаушылардың учаскеге қолжетімділігіне және комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына басымдық берілді. Өңірдегі барлық сайлау учаскесі белгіленген тәртіппен жұмысын жалғастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







