Алматы облысының Шеңгелді ауылындағы Қазақстан көшесінің 100-ден астам тұрғыны сайлау учаскесіне бірге келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады. Аға буын мен жастардың қатар қатысуы ауылдағы азаматтық белсенділіктің ерекше көрінісіне айналды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан көшесінің тұрғындары дауыс беруге алдын ала келісіп, учаскеге бірге барған. Олардың қатарында балабақша тәрбиешісі, көпбалалы ана Альфия Долданова да бар.
«Бүгін біз бүкіл көше болып, дауыс беруге бірге келдік. Бұл – еліміздің болашағына бейжай қарамайтынымыздың белгісі. Балаларымыздың болашағы жарқын болып, елімізде әрдайым бейбітшілік пен береке орнасын», – деді Альфия Долданова.
Тұрғындардың айтуынша, сайлауға бірге келу көршілік қарым-қатынасты да нығайтып, маңызды күнге ортақ жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік берген. Дауыс беру кезінде аға буын өкілдерімен қатар жастар да белсенділік танытты.
Қазақстан көшесінің тұрғындары сайлау қорытындысын да бірге күтетіндерін айтты. Осылайша бір көшенің азаматтары өз таңдауын жеке жасағанымен, сайлау күнін ортақ қоғамдық оқиға ретінде өткізді.
Шеңгелді ауылдық округінде 5 361 сайлаушы тіркелген. Алматы облысы бойынша 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Өңірде дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 1 042 987 адамды құрайды. Оның 14 104-і биыл кәмелет жасына толып, сайлауға алғаш рет қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Облыстағы барлық сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Дауыс беру барысын отандық және халықаралық байқаушылар қадағалап отыр.
Орталық сайлау комиссиясы 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 халықаралық байқаушыны аккредиттеген.
Шеңгелдідегі Қазақстан көшесінің тұрғындары үшін бүгінгі сайлау көршілік бірліктің де өзіндік көрінісіне айналды. Бір көшеде тұратын жүзден астам азамат учаскеге бірге келіп, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







