Шығыс Қазақстан облысында бүгін Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Өңірдегі 534 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастап, сайлаушыларды жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін қабылдайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 485 873 азамат енгізілген. Өңірдегі саяси науқанға жеті партияның филиалы қатысып отыр.
Дауыс беру барысы мен сайлау рәсімдерінің сақталуын 3 мыңнан астам байқаушы қадағалауда. Олардың қатарында 10-ға жуық халықаралық өкіл бар.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов №1193 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Өңір басшысы дауыс беруге әкесі, жұбайы және отбасы мүшелерімен бірге келді.
Нұрымбет Сақтағанов бүгінгі сайлауды елдің саяси дамуындағы маңызды кезең ретінде бағалады.

«Бүгін елімізде маңызды тарихи күн өтіп жатыр. Құрылтай депутаттарының сайлауы – жай ғана дауыс беру емес, елдің дамуы, азаматтық қоғамды нығайту және саяси мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді облыс әкімі.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сайлаудың жаңа реформаларды жүзеге асыру мен Қазақстанның қазіргі тарихындағы жаңа кезеңді бастауға ықпал ететіні жөніндегі пікіріне де тоқталды.
Өңір басшысы сайлау учаскесіне отбасымен келуінің де өзіндік мәні бар екенін айтты. Оның пікірінше, балалардың қоғамдық-саяси процестерді кішкентай кезінен бақылап, ел өміріндегі маңызды оқиғалардың қалай өтетінін түсінуі азаматтық мәдениетті қалыптастыруға көмектеседі.
«Мен үшін балалардың кішкентай кезінен бастап елімізде не болып жатқанын, осындай маңызды саяси үдерістердің қалай өтетінін түсінуі маңызды. Олардың тарихи маңызы бар оқиғалардың куәсі болып, жастайынан жоғары азаматтық мәдениет пен саналы көзқарас қалыптастырғанын қалаймын», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі Шығыс Қазақстан тұрғындары қоғамдық-саяси оқиғаларға дәстүрлі түрде белсенді қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгін де әр сайлаушы өз таңдауына жауапкершілікпен қарайды деген сенім бар.
Шығыс Қазақстандағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр. Өңір тұрғындары Құрылтайдың алғашқы құрамын қалыптастыруға қатысып, өз азаматтық таңдауын жасауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







