Қонаев қаласында Орталық Азия дрифт-шоуының 4-кезеңіне қатысқан спортшылар Құрылтай сайлауына спорт көлігімен келіп, дауыс берді. Жарыс жолынан бірден сайлау учаскесіне бет бұрған спортшылар осылайша азаматтық белсенділіктің де жылдамдық пен шеберлік секілді жауапкершілікке сүйенетінін көрсетті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қонаев жаз бойы дрифт маусымының қызған ортасына айналды. Облыс орталығында өткен жарыстарға Қазақстанның әр өңірінен келген үздік спортшылармен қатар, алыс-жақын шетелден жеткен қатысушылар да бақ сынады. Маусым қорытындысында жеңімпаздар қатарынан Алматы облысының спортшылары да көрінді.
Сайлау күні сол дүбірлі жарыстарға қатысқан төрт спортшы учаскеге жуырда ғана трассада жүрген спорт көліктерімен келді. Олар тіркеуден өтіп, бюллетень алып, өз таңдауларын жасады. Осы көрініс Қонаевтағы дауыс беру күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.
Спортшылар үшін автокөлік тек жарыс құралы ғана емес, өмір салтының бір бөлігі. Соған қарамастан, олар ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық парызын орындауды жөн көрген. Қарбалас маусым, дайындық пен жарыс ырғағы олардың таңдау жасауына кедергі болмағаны байқалды.
Спорт көлігін тізгіндеген Петр Бородин де осы ұстанымды ашық айтты. Оның сөзінше, «ASP Arena» қазір республикадағы ең танымал спорт алаңдарының біріне айналған және мұнда жазғы әрі қысқы дрифт-шоулар тұрақты түрде өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар мен көрермендер жиналады. Биылғы маусым өте қарқынды өткеніне қарамастан, Қонаев тұрғындары ретінде сайлауға арнайы келіп, дауыс беруді маңызды санаған.
«Спорт өміріміздің үлкен бөлігіне айналған. Бүгін – әрбір тұрғын қатысуы тиіс маңызды күн. Сондықтан айтулы сәттен қалыс қалмай, өз парызымызды орындадық», деді Петр Бородин.
Қонаевтағы сайлау күні тек дауыс берумен шектелмей, тұрғындар мен қонақтарға арналған түрлі шаралармен жалғасын тапты. Қаланың орталық алаңына әуе шары қойылып, №5 қалалық жағажайда флайборд-шоу ұйымдастыру жоспарланған. Осылайша облыс орталығында сайлау күні қоғамдық белсенділік, спорттық серпін және мерекелік көңіл күй қатар өрілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







