Астанада пара және сурдоспортшылар, жаттықтырушылар мен спорт саласының өкілдері Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымын білдірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Дауыс бергендердің қатарында пара армрестлингтен әлем және Азия чемпионы, пара оқ атудан әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Никита Ермаков бар.
– Бүгін елімізде Құрылтай сайлауы алғаш рет өтіп жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – Қазақстан тарихында жаңа парақ ашатын маңызды кезең. Барлық азаматты сайлау учаскесіне келіп, ел болашағы үшін дауыс беруге шақырамын», – деді Никита Ермаков.
Сайлауға пара оқ атудан Әлем кубогының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Айгерім Төлегенова да қатысты. Сонымен қатар Әлем кубогының күміс жүлдегері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері Ардақ Отарбаев өз таңдауын жасады.
Пара оқ атудан жаттықтырушы Михаил Александрович те дауыс беруге қатысты. Спортшылардың пікірінше, ел намысын халықаралық аренада қорғау мен қоғамдық өмірге белсенді араласу өзара сабақтас жауапкершілік.
Паралимпиадашылар арасынан 2024 жылғы Париж жазғы Паралимпиадасының чемпионы, пара дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ақмарал Науатбек сайлау учаскесіне келді.
Сурдоспорт өкілдері де саяси науқаннан тыс қалмады. Сурдо дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Данияров өз дауысын берді.
Пара каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, VII Спартакиаданың жеңімпазы Ләззат Жүсіпова да сайлауға қатысып, азаматтық таңдауын жасады.
Бұдан бөлек, Астанадағы өзге пара және сурдоспортшылар мен жаттықтырушылар да сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді.
Спортшылардың ортақ пікірінше, ел болашағына қатысты маңызды кезеңде шет қалмай, өз азаматтық ұстанымын білдіру қажет. Олардың сайлауға қатысуы спорттағы қайсарлық пен қоғамдық жауапкершіліктің қатар жүретінін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







