Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Ол бүгінгі саяси науқанды елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең деп бағалап, жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органға айналатынын атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Құрылтай сайлауы азаматтардың елдің алдағы даму бағытын айқындауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық үдеріс.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың қоғамдағы түрлі көзқарас пен ел болашағына қатысты ұстанымдарды тоғыстыратын біртұтас саяси алаң болуы қажеттігі жөніндегі сөзін де еске салды.
«Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ», – деген Президент.
Астана әкімінің пікірінше, сайлау әр азаматқа өз ұстанымын білдіріп, мемлекеттің алдағы бағытын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін береді. Осы тұрғыдан алғанда, әр сайлаушының саналы таңдауы маңызды.
Жеңіс Қасымбек жаңа Құрылтайға жүктелетін жауапкершіліктің де жоғары болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жоғары өкілді орган қабылдайтын заңдар мен шешімдер елдің экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық дамуына тікелей ықпал етеді.
Астана қаласында дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалған. Сайлау учаскелері штаттық режимде жұмыс істеп, азаматтардың өз таңдауын еркін әрі белгіленген тәртіппен жасауына мүмкіндік беріліп отыр.
Жеңіс Қасымбектің пікірінше, бүгінгі сайлау жаңа конституциялық модельді іс жүзінде жүзеге асыратын маңызды кезеңдердің бірі. Оның нәтижесінде Қазақстанның жаңа заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы құрамы жасақталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







