Жетісу облысында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Өңірдің бірнеше ауданында тұрғындар сайлау учаскелеріне топтасып келіп, өз таңдауын жасауда, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сайлауда алғашқылардың бірі болып Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та дауыс берді. Өңірде азаматтардың сайлау учаскелеріне ұжымдасып келуі бірнеше елді мекенде байқалды.
Алакөл ауданының Қайнар ауылында Қ. Сқақұлы, І. Жансүгіров, М. Мәметова және Б. Момышұлы көшелерінің 40 тұрғыны бір мезгілде сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Текелі қаласында да «Бір көше – бір дауыс» бастамасына әл-Фараби көшесінің 50-ге жуық тұрғыны қосылды. Олар №452 сайлау учаскесіне бірге келіп, әрқайсысы өз таңдауын жасады.
Сарқан ауданының Шатырбай ауылында 50 тұрғын сайлауға топтасып қатысты. Ақсу ауданындағы 16 ауылдық округте бір мезгілде 500-ге жуық адам дауыс берді.
Жансүгіров ауылының тұрғыны Бейбіт Тұрарбайұлы үшін бірге келудің өзінде ауылдағы бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің мәні бар.
«Біз бір ауылдың тұрғындары ретінде бірге келдік, әрқайсымыз өз таңдауымызды жасадық. Ең бастысы – тұңғыш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, дауысымызды беру арқылы елдің ортақ болашағына үлес қостық», – деді ол.
Ескелді ауданында да тұрғындардың белсенділігі байқалды. Алдабергенов ауылындағы сайлау учаскесіне 300-ге жуық адам ұйымдасқан түрде келсе, Көкжазық ауылының 100-ге жуық тұрғыны №102 учаскеде дауыс берді.
Айтжамал Жұмабаеваның айтуынша, ауыл тұрғындары Құрылтай жұмысында өңірлердің нақты мәселелері ескерілгенін қалайды.
«Инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, жұмыс орындарын ашу, жастарға мүмкіндік жасау секілді мәселелер ауылдың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан азаматтық ұстанымымызды білдіру үшін арнайы бірге келдік», – деді ол.
Жетісу облысында сайлаушылардың жалпы саны 443 220 адамды құрайды. Оның 5 503-і сайлауға алғаш рет қатысып отыр.
Өңірде 468 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олар таңғы сағат 07:00-де ашылып, сайлаушыларды 20:00-ге дейін қабылдайды.
Жетісудағы бүгінгі көріністер сайлауға қатысудың жеке таңдау болғанымен, азаматтардың оны ортақ қоғамдық оқиға ретінде қабылдап отырғанын аңғартады. Бір көшенің, бір ауылдың тұрғындары бірге келгенімен, шешімді әрқайсысы жеке қабылдап жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







