Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесінде қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің жары Күлтай Қасымова Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Ол дауыс берер алдында ақын ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сайлау учаскесі Тұманбай Молдағалиевтің есімімен аталатын мәдениет үйінде орналасқан. Күлтай Қасымова үшін осы мекеннің өзі ерекше естелікке толы болды.
Ақын ескерткішіне гүл қойылғаннан кейін Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған ән шырқалды. Сазды әуен мен сырлы өлең сайлау учаскесіндегі сәтке ерекше жылылық беріп, жиналған жұрттың ықыласына бөленді.
«Бүгін мен үшін ерекше әсерге толы күн болды. Сайлау учаскесінің Тұманбайдың атымен аталатын мәдениет үйінде орналасуының өзі жүрекке жылы тиеді. Оның сөзіне жазылған әнді естігенде, ақынның елге, жерге деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте терең сезінгендей болдық», – деді Күлтай Қасымова.
Оның айтуынша, сайлауға қатысу – әр азаматтың ел болашағына қатысты жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам.

«Тұманбай өмір бойы елдің тыныштығын, халықтың бірлігін, туған жердің қадірін жырлады. Осындай бейбіт күннің қадірін білуіміз керек. Бүгін өз таңдауымды жасап, елдің ертеңіне бейжай қарамайтынымды білдірдім», – деді ақынның жары.
Күлтай Қасымова елдің жарқын болашағына үлес қосу баршаға ортақ парыз екенін атап өтті. Оның пікірінше, әр азамат сайлауға қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі қажет.
Алматы облысының тумасы Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясының дамуына айрықша үлес қосқан сыршыл ақындардың бірі. Оның өлеңдері бірнеше буын оқырманның рухани дүниесіне айналып, көптеген туындысына композиторлар ән жазды.
Ел өміріндегі маңызды саяси күнде ақын есімінің аталып, оның шығармашылығының қайта жаңғыруы тарихи жад пен бүгінгі азаматтық таңдаудың сабақтастығын аңғартты.
Күлтай Қасымованың №123 сайлау учаскесіндегі таңдауы осылайша дауыс беру рәсімімен ғана шектелмей, қазақ поэзиясына өшпес із қалдырған Тұманбай Молдағалиевтің рухына тағзым еткен тағылымды сәтке айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







