Қонаевтағы фермерлер шаруашылықтағы қызу науқанға қарамастан, Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Шеңгелді ауылдық округінің фермерлері егіс алқабынан тракторларымен және өзге де ауыл шаруашылығы техникаларымен тікелей сайлауға келді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір Шеңгелді ауылдық округінде маусымдық жұмыс қызған шақ. Бір шаруашылық егін жинап жатса, енді бірі қысқа қажетті жем-шөп дайындаумен айналысуда. Мұндай кезеңде фермерлер үшін әр сағат маңызды.
Соған қарамастан, шаруалар азаматтық құқығын пайдалануға уақыт бөлді. Дауыс беруге 10 шаруа қожалығының өкілдері қатысты.
Солардың бірі – «Дидар» шаруа қожалығы. Биыл мұнда 30 гектар жерге картоп, жүгері, жоңышқа және бидай егілген. Қазір шаруашылықта жүгері жинау науқаны жүріп жатыр.
Шаруашылық басшысы Темірхан Бершімбеков жұмысшыларымен бірге егіс алқабынан шығып, сайлау учаскесіне келді. Олар дауыс бергеннен кейін маусымдық жұмысын қайта жалғастырды.
«Сайлауға қатысу – өңір тұрғыны және Қазақстан азаматы ретіндегі жауапкершілігіміз. Елімізге тұрақтылық пен өркендеу, барлық фермерлерге мол өнім тілеймін. Әр дастарқанда әрдайым ас атасы молынан болсын», – деді Темірхан Бершімбеков.
Шеңгелдіде бүгін ауыл шаруашылығы жұмыстары тоқтаған жоқ. Техника егістікте жүр, өнім жиналып, қысқы қам жасалуда. Фермерлер осы қарбаластың арасында сайлауға қатысуды да кейінге қалдырмады.
Тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларының сайлау учаскелеріне қарай бет алған көрінісі Қонаевтағы дауыс беру күнінің ерекше сәттерінің біріне айналды. Ауыл еңбегі мен азаматтық жауапкершілік бір күнде қатар өрбіді.
Шеңгелді ауылдық округінде жеті сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның алтауы ашық, біреуі жабық учаске.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







