Жетісу облысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын жаңа рухани орталықтардың бірі Сарыөзек ауылында ашылды. Кербұлақ ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев жаңа кітапханада өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын таныстырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Зерделі ұрпақ – сауатты қоғам» тақырыбы аясында өткен кездесуге зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, жастар және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Жиында кітап оқу мәдениетін кеңейту, жас буынның дүниетанымын қалыптастыру және жаңа қоғамдық құндылықтарды орнықтыру мәселелері сөз болды.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформалардың мәніне тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдағы өзгерістер заңнамалық жаңғырумен ғана шектелмей, азаматтардың күнделікті мінез-құлқы мен қоғамдық мәдениетіне де әсер етуі керек.
Өңір басшысы «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» секілді қағидаттарды орнықтыруда әр адамның жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа қоғамдық-саяси және мәдени этика қалыптастыру үшін ағарту, тәрбие, мәдени-гуманитарлық және экологиялық бастамалар қатар жүруі қажет.

«Мемлекет басшысы түбегейлі өзгерістер нәтижелі болуы үшін әсіресе оқу-тәрбие және ағарту жұмыстарына, мәдени-гуманитарлық, экологиялық бастамаларға ерекше мән беріп отыр. Осы тұрғыдан кітап оқу мәдениетін дамыту идея деңгейінен нақты мемлекеттік саясатқа айналды», – деді Бейбіт Исабаев.
Оның айтуынша, ақпарат ағыны көбейген қазіргі кезеңде кітап адамның асықпай ойлануына, мәселенің мәніне үңілуіне және дүниетанымын кеңейтуіне ықпал етеді. Кітап оқу адамның ойлау дағдысын тереңдетіп, білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттырады.
Өңір басшысы кітаптың жастарды қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстауға, ізет пен әдепке, тәртіп пен жауапкершілікке баулитынын да атап өтті. Сондықтан негізгі міндет тек кітап оқитын емес, ойлайтын, ізденетін және саналы шешім қабылдай алатын жас буын қалыптастыруға бағытталуы керек.
«Президент айтқандай, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – оқитын, ойлайтын, ізденетін жастарды тәрбиелеу», – деді Бейбіт Исабаев.
Кездесу барысында облыс әкімі аудандық кітапханаға арнайы алып келген Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын таныстырды. Оның айтуынша, жинақта Әділетті және өркендеген Қазақстан құруға қатысты мемлекетшіл мұраттар, өмірлік ұстанымдар және қоғамдық құндылықтар туралы ойлар топтастырылған.

«Бұл кітап тек белгілі бір аудиторияға арналмаған. Жас айырмашылығына, әлеуметтік мәртебесіне немесе басқа ерекшелігіне қарамастан, әр оқырман өзіне керегін таба алады. Сондықтан бүгінгі кездесуде аға буын мен жастарды бірге жинап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Аталған жинақтың бірнеше данасы Жетісу облысының аудан-қалаларындағы кітапханаларға, соның ішінде колледж кітапханаларына да тапсырылып жатыр.
Жетісуда «Кітап оқитын ұлт» жобасы кеңейіп келеді
Кездесуде қатысушылар кітап оқу мәдениеті, Президент еңбегіндегі идеялар және жастар тәрбиесіне қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
«Mizam» жылжымалы әдебиет мектебінің жетекшісі Мұхтар Күмісбек облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаның нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, әдебиет мектебі екі жыл бұрын құрылып, осы уақыт ішінде тұрақты жас оқырмандар ортасын қалыптастыра бастаған.
«Балаларға кітап оқытуда нақты жобаны алғашқылардың бірі болып Жетісу облысы қолға алғанын мақтанышпен айтамыз. «Мизам» мектебін осыдан екі жыл бұрын құрдық. Жобаның мақсаты – көп кітап оқыту ғана емес, ізденетін, ойланатын ұрпақ қалыптастыру», – деді Мұхтар Күмісбек.
Ол кітап оқуды үлкен еңбекпен салыстырды. Оның пікірінше, әр оқылған кітап баланың санасына себілген дән секілді, ал оның нәтижесі кейін білім, мінез және дүниетаным арқылы көрінеді.
Ардагер журналист Жұмахмет Жайлаубаев Президенттің жаңа кітабындағы ойларға жеке тоқталды. Ол Мемлекет басшысының «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек» деген тұжырымын атап өтті.
«Неге Абайдан? Өйткені Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейді. Яғни ел болып ұйысудың, ортақ мақсатқа бірігудің жолын көрсетеді», – деді Жұмахмет Жайлаубаев.
Ол кітапта әділеттілік ұғымына да ерекше мән берілгенін айтты. Оның сөзінше, қоғамға ортақ құндылық қандай болуы керек деген сауалға Президент әділеттілікті өркениетке жетелейтін және қоғамның бет-бейнесін айқындайтын негізгі қағида ретінде ұсынады.
Журналист жастарға арналған бөлімге де назар аударды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Мағжан Жұмабаевтың рухымен жастарға сенім білдіріп, елдің ертеңі жас буынның білімі мен тәрбиесіне байланысты екенін алға тартады.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Кербұлақ аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, Жетісу студенттер альянсының төрайымы әрі омбудсмен Ақерке Қызайбай және өзге де қатысушылар пікір білдірді.
Олар жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, жастардың оқу дағдысын күшейту, кітапханалардың рөлін кеңейту және Президенттің жаңа жинағындағы идеяларды қоғаммен талқылаудың маңызына тоқталды.
Жетісу облысы құрылғаннан бері мәдениет саласында 34 жаңа нысан пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде сала инфрақұрылымын жаңарту деңгейі 36 пайыздан асты.
Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Қоғалы ауылдық мәдениет үйі мен Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту және ребрендинг жүргізу жоспарланған.
Өңірдегі кітапханалардың кітап қоры да жыл сайын толықтырылып келеді. Қазір оның жалпы көлемі 2,8 млн данаға жеткен.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы іс-шараларға Жетісу облысында бүгінге дейін 150 мыңнан астам оқырман қатысқан.
Сарыөзектегі жаңа кітапхана да осы бағыттағы жұмыстың жалғасына айналмақ. Нысан кітап сақтайтын орынмен ғана шектелмей, оқитын, ойлайтын және ізденетін жастарды біріктіретін жаңа интеллектуалдық орта қалыптастыруға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







