Олжас Бектенов Қазақстанның премьер-министрі қызметіне қайта тағайындалды. Құрылтай депутаттары президент Тоқаев ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы кандидатураны ұсынар алдында Құрылтайдағы партия фракцияларының жетекшілерімен міндетті консультация өткізген. Депутаттардың келісімінен кейін Бектеновті Үкімет басшысы етіп тағайындау туралы Президент Жарлығы жарияланды.
Дауыс беруден кейін Бектенов Президент пен Құрылтай депутаттарына сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
«Маған екінші мәрте премьер-министр қызметі сеніп тапсырылды. Алдымызда Қазақстанның дамуын және Президент бастаған саяси өзгерістерді қолдау міндеті тұр. Мұны еліміз дамуының жаңа кезеңі деп санаймын», – деді Бектенов.
Олжас Бектенов Үкіметті алғаш рет 2024 жылғы 6 ақпанда басқарған. Құрылтай сайланғаннан кейін жаңа Конституция талабына сәйкес Үкімет өкілеттігін тоқтатып, жаңа кабинет жасақталғанға дейін міндетін атқарушы мәртебесінде жұмыс істеді.
Бектенов премьер-министр болғанға дейін 2023 жылғы сәуірден Президент әкімшілігін басқарды. Оған дейін, 2022 жылғы ақпаннан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарған.
Айта кетелік, әзірде ғана Құрылтай Ерлан Қаринді Қазақстанның вице-президенті қызметіне тағайындауға да келісім берді. Енді Тоқаев Құрылтай депутаттарымен консультациядан кейін Үкіметтің жаңа құрамын жасақтайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







