Қазақстанда шұғыл ауруханаға түскен азаматтың жақындарына автоматты түрде хабар беретін цифрлық сервис іске қосылды. Жаңа қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сервис жол апатына ұшыраған, кенеттен сырқаттанған немесе ауруханаға жеткізілген адамның туыстарымен байланысуына мүмкіндік береді. Әсіресе пациент өз бетімен қоңырау шала алмайтын жағдайда жаңа функцияның көмегі зор. Әр азамат өзіне сенетін үш адамға дейін арнайы байланыс тұлғасы ретінде тіркей алады.
Қызметті қосу үшін eGov.kz порталына авторизациядан өту қажет. Одан кейін «Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу» қызметі таңдалып, сенімді адамның жеке сәйкестендіру нөмірі енгізіледі. Тіркелетін азамат 18 жастан асқан және мобильді азаматтар базасында болуы шарт.
Пайдаланушы дербес мәліметтерін өңдеуге және денсаулық жағдайы жөніндегі ақпаратты беруге келісімін растайды. Таңдалған сенімді адамға тіркеуді қабылдау немесе одан бас тарту ұсынылған SMS-хабарлама келеді. Шешім қабылдауға бес сағат беріледі.
Келісім беру үшін жауап хабарламасында 911 коды, ал бас тарту үшін 912 коды жіберіледі. Сенімді тұлға өтінішті мақұлдаған соң пайдаланушы сұрауға қол қояды. Тіркелген байланыс адамы туралы мәлімет Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жолданады.
Қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында да жұмыс істейді. Оны «Мемлекеттік қызметтер» бөліміндегі «Денсаулық сақтау» санатынан табуға болады. Азамат сенімді тұлғаларын телефон арқылы тіркеп, қажет болған жағдайда олардың тізімін жаңарта алады.
Мұндай тетік құру жөніндегі ұсынысты ақпан айында бұрынғы сенатор Жанна Асанова көтерген еді. Ол науқас ауруханаға жеткізілгенде туыстарының оның жағдайы мен орналасқан жері туралы дер кезінде хабар алуына мүмкіндік беретін жүйе қажет екенін айтқан. Наурыз айының соңында Премьер-министр Олжас Бектенов пациенттердің жақындарын орталықтандырылған тәртіппен ақпараттандыру сервисін пилоттық режимде енгізу мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеген.
Жаңа жүйе шұғыл госпитализация кезінде туындайтын ақпараттық үзілісті қысқартуға бағытталған. Бұған дейін туыстар науқастың қай ауруханаға жеткізілгенін білу үшін бірнеше медициналық мекемеге хабарласуға мәжбүр болатын. Енді алдын ала тіркелген сенімді адамдарға қажетті ақпарат цифрлық арна арқылы жедел жеткізіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







