Қазақстандық жоғары оқу орындарының рейтингтердегі нәтижесі елдегі жоғары білім жүйесінің даму бағытын айқын көрсетіп отыр. Sustainability Impact Ratings 2026 рейтингінде Қазақстан университеттерінің 90 пайыздан астамы өз позициясын жақсартты. Бұл көрсеткіш жекелеген оқу орындарының жетістігімен қатар, жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістердің нәтижесін аңғартады.
Бұл динамика Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім мен ғылымды дамытуға, университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ғылыми әлеуетті күшейтуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған саясатының басымдықтарымен сабақтас.
Sustainability Impact Ratings 2026 рейтингіне Қазақстаннан 24 университет қатысты. Рейтинг жоғары оқу орындарын тек академиялық көрсеткіштері бойынша емес, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қосқан нақты үлесі арқылы да бағалайды. Осы өзгерістердің университеттер деңгейінде қалай жүзеге асып жатқанын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова айтып берді.
— Қазақстандық жоғары оқу орындарының 90 пайыздан астамы рейтингтердегі позицияларын жақсартты. Жоғары білім беру жүйесіндегі жүйелі трансформацияны қысқа мерзімді рейтингілік әсерден қандай белгілер арқылы ажыратуға болады?
— Рейтингтегі өсім, сөзсіз, маңызды көрсеткіш. Меніңше, рейтингтің өзі мақсат емес, ол – университетте жүріп жатқан терең институционалдық өзгерістердің нәтижесін көрсететін индикаторлардың бірі.
Егер университет бірнеше жыл қатарынан білім сапасы, ғылым, халықаралық ынтымақтастық, академиялық бедел, кадрлық әлеует және қоғамға ықпал ету көрсеткіштері бойынша ілгерілесе, біз жүйелі трансформация туралы айта аламыз.
Бұл нәтижелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен жоғары білімнің сапасын арттыруға, университеттердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған жүйелі саясатының нақты жемісі деп айтуға болады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің соңғы жылдардағы динамикасы осыны көрсетеді. QS World University Rankings 2026 рейтингінде университет бір жылдың ішінде 80-нен астам позицияға көтеріліп, 848-орыннан 761–770 диапазонына жетті. Ал QS Asia University Rankings рейтингінде төрт жыл ішінде 239-орыннан 184-орынға дейін көтерілдік. Бұл – бір реттік нәтиже емес, бірнеше жылдық тұрақты динамика.
Бірақ біз үшін одан да маңыздысы – осы рейтингтік өсімнің артында қандай өзгерістер тұрғаны. Мысалы, соңғы бес жылда университеттегі ғылыми жобалардың саны 18-ден 40-қа дейін өсті. Ғылыми жобаларды жылдық қаржыландыру көлемі 2021 жылғы 216 млн теңгеден 2025 жылы 9,5 млрд теңгеге дейін артты. 2025–2027 жылдарға арналған конкурстардың өзінде университет ғалымдары 1,2 млрд теңгеден астам қаржыландыру тартты.
Сондықтан біз рейтингке «мақсат» ретінде емес, университеттің ішкі сапасының халықаралық деңгейде танылуының нәтижесі ретінде қараймыз. Меніңше, жүйелі трансформацияның ең дұрыс формуласы – рейтингтегі бір жылдық секіріс емес, білім сапасы + ғылымның өсуі + мықты кадрлар + халықаралық интеграция + қоғамға нақты әсер бойынша бірнеше жыл қатарынан сақталатын оң динамика.
– Университеттер жүйесінің тұрақты дамуына қандай факторлар көбірек әсер етеді?
– Қазіргі университеттің тұрақты дамуы – төрт компоненттің бір жүйеде жұмыс істеуінің нәтижесі. Мен бұл факторлардың біреуін екіншісінен бөліп қарамас едім.
Біріншісі – мемлекеттік басымдықтар. Мемлекет стратегиялық бағытты айқындайды: ғылымды дамыту, зерттеу университеттерін күшейту, жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру. Бұл өзгерістердің негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ғылым мен жоғары білімді дамытуға бағытталған стратегиялық саясат жатыр.
Екіншісі – инвестиция. Біздің университеттің тәжірибесін алсақ, соңғы бес жылда ғылыми жобаларды жылдық қаржыландыру 216 млн теңгеден 9,5 млрд теңгеге дейін өсті. Бірақ біз үшін осы қаражаттың нәтижесінде жаңа зерттеу топтарының, зертханалардың, жарияланымдардың, технологиялардың және коммерцияландыру жобаларының пайда болуы маңызды.
2021–2025 жылдар аралығында университет ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру арқылы 214 млн теңгеден астам табыс тапты. Бұл ғылымның тек академиялық ортада қалмай, нақты экономикалық құндылыққа айнала бастағанын көрсетеді.
Үшінші фактор – басқару сапасы. Қазіргі университетті интуициямен басқару мүмкін емес. Стратегиялық шешімдер нақты деректерге сүйенуі керек: халықаралық рейтинг индикаторлары, библиометриялық көрсеткіштер, ғылыми өнімділік, білім беру сапасы, түлектердің нәтижелері, жұмыс берушілердің бағасы, халықаралық академиялық байланыстар және қаржылық тиімділік.
Төртінші фактор – жаһандық деректер мен халықаралық тәжірибені пайдалану қабілеті. Университет өзін тек ел ішіндегі басқа жоғары оқу орындарымен салыстырмай, әлемдік трендтерді көре білуі керек.
Біздің студенттер мен оқытушылардың әлемдік білім ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында Coursera арқылы Yale, Manchester, University of Virginia және басқа да жетекші университеттердің курстары енгізілді. Бір оқу жылының өзінде студенттеріміз 9 мыңнан астам сертификат алды.
Сонымен қатар университет AI-SANA бағдарламасының еліміздегі 27 тірек өңірлік жоғары оқу орнының бірі ретінде жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға белсенді қатысуда.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев университеттік ғылымға, халықаралық ынтымақтастыққа және жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беріп отыр. Бұл бағыт әлемдік деңгейде өз позициясын табысты нығайтып отырған жоғары білім беру жүйелерінің даму моделіне қаншалықты сәйкес келеді?
— Бұл бағыт әлемдік жоғары білім берудің қазіргі даму логикасына толық сәйкес келеді. Бүгінде әлемдік деңгейдегі университет тек білім беретін мекеме емес. Ол бір мезгілде білім өндіретін ғылыми орталық, технологиялар қалыптастыратын инновациялық платформа, таланттарды тартатын халықаралық орта және экономикалық дамудың драйвері болуы тиіс.
Сондықтан Мемлекет басшысының университеттік ғылымды күшейту, халықаралық академиялық байланыстарды кеңейту, ғылым нәтижелерін экономикаға енгізу және жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі басымдықтары әлемнің табысты университеттік жүйелерінің даму моделіне сәйкес келеді. Біз бұл трансформацияны өз университетіміздің тәжірибесінен де көріп отырмыз.
Біріншіден, ғылымның ауқымы өзгеруде. Университетте Ұлттық ғылыми кеңес мақұлдаған ғылыми жобалардың саны 2021–2022 жылдардағы 18 жобадан 2025 жылы 40 жобаға дейін өсті. Ғылыми жобалардың жалпы қаржыландыру көлемі бес жыл ішінде он еседен астам артты.
Екіншіден, зерттеу инфрақұрылымы жаңаруда. Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар зертханасы құрылды, Академиялық және зерттеу озықтығы орталығының негізі қаланды. Оның құрамында микробиологиялық, молекулалық және клиникалық диагностика, жасуша биологиясы және патоморфология бағыттарын дамыту көзделген. Сонымен қатар AI Research Lab, клиникалық медицинадағы Big Data, IoT, иммунология және биотехнология бағыттары күшейтілуде.
Үшіншіден, ғылымды экономикалық және қоғамдық міндеттермен байланыстыруға ерекше мән беріп отырмыз. Біздің университет Түркістан өңірінде орналасқандықтан, зерттеулеріміздің елеулі бөлігі өңірдің нақты қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс деп есептейміз. Бұл – халық денсаулығы, медицина, экология, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа технологиялар.
Төртіншіден, халықаралық интеграция. Біздің университет табиғаты жағынан халықаралық университет. Қазақстан мен Түркияның бірлескен университеті ретінде түркі әлемінің ғылыми-білім беру кеңістігін біріктіру – біздің ерекше миссиямыз.
Бірақ бүгін интернационалдандырудың жаңа кезеңіне өтуіміз керек. Ол тек студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығымен шектелмеуі тиіс. Келесі деңгей – бірлескен зерттеулер, халықаралық ғылыми консорциумдар, қос дипломды бағдарламалар, зерттеу инфрақұрылымын ортақ пайдалану және технологиялар трансфері.
Сондықтан Президент белгілеген университеттік ғылым, халықаралық ынтымақтастық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік бағытын мен тек білім беру саясаты емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық және технологиялық дамуының маңызды бөлігі деп санаймын.
Өйткені ХХІ ғасырда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның табиғи ресурстарымен ғана емес, қандай білім өндіретінімен, қандай технология жасайтынымен және қандай адам капиталын қалыптастыратынымен анықталады.
– Қазақстан жоғары оқу орындарының рейтингтердегі оң динамикасына қол жеткізді. Ендігі кезеңде мықты университеттер санын арттырып, зерттеу сапасын көтеріп, олардың елдің экономикалық және қоғамдық дамуына үлесін қалай арттыруға болады?
– Меніңше, Қазақстан жоғары білімінің келесі кезеңіндегі негізгі міндетті осы үш бағыттың біреуін таңдау деп қарастыру дұрыс емес. Бізге мықты университеттер де, сапалы ғылым да, олардың экономика мен қоғамға нақты әсері де қажет. Бірақ осы үшеуінің ішінде түпкі нәтижені анықтайтын көрсеткіш – университеттің қоғамға және экономикаға әсері.
Бүгін университеттің табыстылығын тек рейтингтегі орны немесе жарияланған мақалалардың саны арқылы өлшеу жеткіліксіз. Біз өзімізге басқа сұрақтарды да қоюымыз керек:
- Университет зерттеулері халықтың өмір сапасын жақсартты ма?
- Жаңа технология немесе өнім пайда болды ма?
- Өңірдің нақты мәселесіне ғылыми шешім ұсынылды ма?
- Ғылымға салынған инвестиция экономикалық немесе әлеуметтік қайтарым берді ме?
- Студент университеттен дипломмен ғана емес, жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын құзыретпен шықты ма?
Біздің университеттің стратегиялық бағыты да осыған негізделген.
Мысалы, соңғы бес жылда ғылымға тартылған инвестиция көлемінің бірнеше есе артуымен қатар, ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудан 214 млн теңгеден астам табыс алынды. Бұл біз үшін өте маңызды көрсеткіш, себебі ғылыми идеяның мақала деңгейінен технологияға, өнімге және нақты экономикалық құндылыққа айналуын көрсетеді.
Сонымен бірге біз медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау саласында Big Data және жасанды интеллект технологияларын, ауыл шаруашылығында IoT, цифрлық мониторинг және деректерді талдау тәсілдерін, экология мен энергетикада жаңа технологияларды дамытуға бағыт алып отырмыз.
Университет кампусында 30 кВт қуаттылықтағы күн электр станциясының іске қосылуы да осы тәсілдің мысалы. Ол тек энергия көзі емес, студенттер мен ғалымдарға жасыл энергетика бойынша зерттеу жүргізетін нақты эксперименттік база.
Біз студенттерді де осы инновациялық ортаға тартуға тырысамыз. AI-SANA аясында мыңдаған білім алушы жасанды интеллект бойынша оқудан өтіп, университеттің өзінде AIJan, I-Talapker, AI-Kitapkhanashy, Help Desk AI сияқты жасанды интеллект агенттері әзірленді.
Осы тұрғыдан қарағанда, болашақтағы негізгі міндет – университеттерді өңірлік және ұлттық дамудың интеллектуалдық орталықтарына айналдыру.
Әсіресе өңірлік университеттердің миссиясы өте маңызды. Себебі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы тек Астана мен Алматыдағы университеттердің жетістігіне байланысты болмауы керек. Әрбір мықты өңірлік университет өз аймағында таланттарды ұстап қалатын, жаңа технологияларды енгізетін, бизнесті ғылыми шешімдермен қамтамасыз ететін және мемлекеттік органдарға сараптамалық қолдау көрсететін орталыққа айналуы қажет.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің стратегиялық мақсаты да осы – Түркістан облысының ғана емес, Қазақстанның оңтүстігі мен түркі әлемінің маңызды ғылыми-білім беру және инновациялық хабтарының біріне айналу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







