Mitsubishi бірнеше жылдық үзілістен кейін аты аңызға айналған Pajero жол талғамайтын көлігінің жаңа буынын таныстырды. Жапон маркасының рамалы флагманы жүзге жуық нарыққа шығарылады, алайда Қазақстан әзірге ресми тізімге енген жоқ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа Pajero беріктігі жоғары сатылы раманың негізінде құрастырылған. Платформа Mitsubishi Triton пикабымен туыстас болғанымен, аспа жүйесі жол талғамайтын көлікке арнайы бейімделді. Алдыңғы бөлікке тәуелсіз қос иінтіректі аспа, артқы жағына бес иінтіректі тұтас белдік орнатылған.
Көліктің жол саңылауы 230 миллиметрге жетеді. Кіру бұрышы 30,4 градус, рампа бұрышы 22,6 градус, ал шығу бұрышы 25,8 градус болып белгіленген. Мұндай геометрия Pajero-ның күрделі бедер мен жолсыз бағыттағы мүмкіндігін кеңейтеді.
Жол талғамайтын көліктің ұзындығы 4920 миллиметр, ені 1925 миллиметр, биіктігі 1910 миллиметр. Дөңгелек базасы 2870 миллиметрге тең. Өлшемі жағынан жаңа Pajero қазіргі Toyota Land Cruiser 250 көлігімен бір класқа кіреді.
Mitsubishi модельді премиум санаттағы кросс-кантри жол талғамайтын көлігі ретінде ұсынып отыр. Жаңа буын марканың жаһандық флагманы мәртебесін иеленеді. Соған қарамастан өндіруші Pajero-ның жолсыз жерге арналған байырғы мінезін сақтауға тырысқан.
Алғашқы кезеңде көлікке 2,4 литрлік турбодизель орнатылады. Айнымалы геометриялы турбинамен жабдықталған қозғалтқыштың қуаты әзірге жарияланған жоқ. Ең жоғары айналу моменті нұсқасына қарай 470 немесе 480 Н·м болады.
Ұзартылған дөңгелек базасы
Қозғалтқыш жаңа сегіз сатылы автоматты беріліс қорабымен жұптасады. Толық жетекті Super Select 4WD-II жүйесі жол жағдайына қарай трансмиссия жұмысын икемдеуге мүмкіндік береді. Оған үдеу, тежеу және бұрылыстағы қозғалысты басқаратын S-AWC электронды кешені қосылған.

Жүргізушіге әртүрлі жабынға арналған жеті қозғалыс режимі ұсынылады. Электроника асфальттан бастап құмды, батпақты немесе тасты бағытқа дейін көліктің баптауын өзгерте алады. Кейінірек қозғалтқыштар қатары электрлендірілген нұсқалармен толықтырылуы ықтимал.
Ұзартылған дөңгелек базасы салонға үш қатар орындық орналастыруға жол ашты. Жаңа Pajero жүргізушіні қосқанда жеті адамға есептелген. Салонда жұмсақ әрлеу материалдары және қара түсті қондырмалармен үйлескен Camel реңкті былғары ұсынылады.
Алдыңғы панельге 14,3 дюймдік екі экраннан құралған тұтас цифрлық блок орнатылған. Қолжетімді жинақтамалар 12,3 дюймдік дисплеймен жабдықталады. Ақпараттық жүйе жүргізушіге көліктің қозғалысы мен техникалық күйіне қатысты негізгі деректі көрсетеді.
Цифрлық Multi Meter ескі Pajero-дағы қосымша аспаптар блогын еске түсіреді. Экраннан теңіз деңгейінен биіктікті, компас бағытын, сыртқы температураны және кузовтың көлденең әрі бойлық еңісін көруге болады. Мұндай мәлімет жолсыз жерде бағыт пен көліктің қалпын бақылауға көмектеседі.
Музыкалық сүйемелдеуге 12 динамигі және екі күшейткіші бар Yamaha аудиожүйесі жауап береді. Өндіруші салонның дыбыс оқшаулауын да күшейткен. Акустикалық әйнектер сыртқы шу мен қозғалтқыш үнінің салонға өтуін азайтады.
Жаңа буын осы тарихи атауды қайта тірілтті
Көліктің кескінінде бұрынғы буындарға тән тік әрі қырлы пішін сақталған. Массивті доңғалақ аркалары мен Т тәрізді жарықдиодты оптика оның айбарлы сұлбасын айқындайды. Негізгі түстер қатарына мыс реңкті Armor Copper Metallic және жарыққа қарай алтын түске құбылатын Phantom Blue Metallic қосылды.
Pajero атауы автомобиль әлеміне алғаш рет 1982 жылы шыққан. Төрт буын ішінде 3,29 миллионнан астам көлік өндіріліп, модель 170-тен аса мемлекет пен аумақта сатылды. Жол талғамайтын көлік Mitsubishi тарихындағы ең танымал әрі беделді өнімдердің біріне айналды.

Модельдің даңқын «Дакар» ралли-марафоны асқақтатты. Pajero жарысқа 1983 жылдан бастап қатысып, 12 мәрте жеңіске жетті. Сол жеңістердің жетеуі қатарынан тіркеліп, көлік әлемдік автоспорттың шежіресіне енді.
Бұрынғы Pajero 2021 жылы шетелдік нарықтардағы модельдік қатардан толық шығарылған еді. Жаңа буын осы тарихи атауды қайта тірілтіп, марканың жол талғамайтын көлік сегментіндегі орнын нығайтпақ. Mitsubishi келешекте Pajero атауын жеке модельдер отбасына айналдыруды жоспарлап отыр.
Өндіріс Таиландтағы Mitsubishi зауытында жолға қойылады. Алғашқы көліктер Таиланд, Жапония және Австралия нарығына жеткізіледі. 2027 қаржы жылынан бастап сатылым географиясы Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығысты қоса алғанда жүзге жуық нарықты қамтиды.
Кейбір мемлекетте жаңа жол талғамайтын көлік Montero атауымен сатылады. Қазақстанға жеткізу жөнінде Mitsubishi әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан отандық нарықтағы сатылым мерзімі, бағасы және жинақтамалары белгісіз күйінде қалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







