Семей қаласының алдағы қысқа дайындығы қазандықтарды жөндеумен қатар, ондаған жыл бойы тозған жылу желілерін жаңартуға тіреліп отыр. Абай облысының әкімі Берік Уәли Үкімет отырысында өңірдің 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына әзірлігі туралы баяндады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен жиында облыста орталықтандырылған жылумен үш қала мен бес аудан қамтылғаны айтылды. Жылыту маусымына дайындық аясында 14,5 млрд теңгеге 32 жоба жүзеге асырылып жатыр. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша тағы 15,8 млрд теңгеге алты жоба қолға алынған.
Негізгі салмақ облыс орталығы Семейге түседі. Қалада бір жылу электр орталығы мен 20 қазандық жұмыс істейді. Қазір 18 қазандық қысқа толық дайын болса, қалған екеуіндегі жөндеу қыркүйектің соңына дейін аяқталмақ.
Облыстағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 409 шақырымды құрайды. Соның 325 шақырымы, яғни шамамен 80%-ы Семей қаласының үлесіне тиесілі. Сондықтан өңірдің жылыту маусымындағы тұрақтылығы көбіне облыс орталығындағы құбырлардың жағдайына байланысты.
Қазіргі кезде облыс бойынша жылу желісінің тозуы 55,6%-ға жеткен. Семейде көрсеткіш одан да жоғары болып, 58,2%-ды құрап отыр. Ескі құбырлардың көптігі қыс мезгілінде апат қаупін арттырып, жылудың жолай жоғалуына және жөндеу шығынының өсуіне әсер етеді.
Биыл 6,4 млрд теңгеге 38 шақырым жылу желісі ауыстырылып жатыр. Жобалар толық орындалғаннан кейін облыстағы тозу деңгейі 55,6%-дан 52,3%-ға, ал Семейде 58,2%-дан 54,1%-ға дейін төмендейді. Бір маусымдағы жаңғырту мәселені толық шешпегенімен, қаланың ең осал учаскелеріне түсетін қысымды азайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы да бақылауға алынған. Білім беру және әлеуметтік қорғау мекемелері 100%, денсаулық сақтау нысандары 97%, тұрғын үй қоры 98% дайын. Қалған жұмыс жылу берілетін кезеңге дейін толық аяқталуға тиіс.
Берік Уәли дайындық шаралары қыркүйектің соңына дейін тәмамдалатынын мәлімдеді. Облыс әкімі қазандықтарды жөндеу мен жылу желілерін ауыстыру жұмысын жеке бақылауында ұстайтынын айтты. Семей үшін биылғы басты міндет жылуды уақытында қосумен шектелмей, қыс бойы жүйенің апатсыз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







