Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасының жанынан заманауи магниттік-резонанстық томография (МРТ) бөлімі салынды. Жаңа бөлім Аягөзбен қатар Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының тұрғындарына жоғары технологиялық тексеруден жергілікті жерде өтуге мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Берік Уәли ауруханаға барып, МРТ аппараты орнатылған жапсарлас ғимаратпен танысты. Жоба арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталып, нысанды пайдалануға беру актісін тіркеу рәсімі жүріп жатыр.
Аягөз ауданында жыл сайын 1500-ге жуық адам МРТ зерттеуіне жүгінеді. Бұған дейін тұрғындар мұндай тексеруден өту үшін облыс орталығына немесе басқа қалаға баруға мәжбүр болатын. Енді медициналық қызмет ауданның өзінде көрсетіліп, науқастардың жолға жұмсайтын уақыты мен шығыны қысқарады.
МРТ бөлімі көршілес Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының тұрғындарын да қабылдайды. Мұнда қажеттілік туындаған жағдайда еліміздің өзге өңірлерінен келген азаматтарға да қызмет көрсетіледі. Осылайша Аягөз ауданаралық медициналық орталық ретіндегі әлеуетін күшейте түседі.
Берік Уәли мұндай бөлім облыс аудандарының арасында алғаш рет Аягөзде ашылып отырғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, мамыр айынан бері 70-тен астам адам МРТ тексеруінен өткен. Әкім ендігі негізгі міндет медициналық қызметтің сапасын тұрақты қамтамасыз ету екенін айтты.
Аягөз аудандық ауруханасының сарапшы-дәрігері Роза Маңғызбаева мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарғанын жеткізді. Қырық алты жылдық еңбек өтілі бар маман ауруханада инсульт желісі, кардиологиялық орталық және әйелдерге қызмет көрсету бөлімі ашылғанын айтты. Оның пікірінше, МРТ бөлімінің іске қосылуы аудан медицинасы үшін үлкен жетістік саналады.
Былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында аурухана жанынан 10 төсектік реанимация бөлімі ашылды. Диагностика мен шұғыл көмектің бір жерде шоғырлануы күрделі жағдайларды ерте анықтап, науқасты емдеу тактикасын жедел белгілеуге жағдай жасайды. Жаңа МРТ бөлімі осы медициналық инфрақұрылымды толықтырып, ауыл тұрғындары мен қала халқы арасындағы қызмет қолжетімділігін теңестіруге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







