Абай облысының Мақаншы ауданында алғаш ұйымдастырылған «Алакөл алаулары» фестивалі қорытынды гала-концертпен түйінделді. Екі айға жуық жалғасқан мәдени жоба Алакөл жағалауын өнер сахнасына айналдырып, шамамен 75 мың көрермен жинады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Alazone arena сахнасындағы гала-концертте «Этно Арлан» тобы мен республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Парасат Отан өнер көрсетті. Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Медет пен Клара Салықовтар және Досымжан Таңатаров қатысты. Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова, эстрада әншілері Рақымжан Жақайым мен Заттыбек Көпбосынұлы да ән шырқады.
Фестивальдің жабылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли тұрғындар мен қонақтарды мәдени жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнес тоғысатын кешенді сала ретінде дамыту жөніндегі ұстанымына назар аударды. Аймақ басшысының айтуынша, фестиваль облыстың шығармашылық әлеуетін мыңдаған көрерменге танытқан айтулы оқиғаға айналды.
«Алакөл алаулары» 20 маусымнан бастап аптасына екі рет өткізіліп, фестиваль аясында 15 ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әр кеште еліміздің кемінде екі танымал эстрада өкілі сахнаға шықты. Бір концертке орта есеппен 5 мыңға жуық көрермен жиналған.
Облыстың қала және аудандары жағалауда өз концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ұлттық өнер мен заманауи мәдениеттің үздік үлгілері демалушылар назарына ұсынылып, өңірдегі шығармашылық ұжымдарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік берілді. Берік Уәли фестивальдің туристер көңілінен шыққанын айтып, жобаның келесі жылы да жалғасатынын жеткізді.
Жағалауда жанған алау Алакөл туризміне жаңа серпін берді
Мәдени шара Алакөлдің туристік маусымын ұзартуға және демалыс аймағының танымалдығын арттыруға бағытталды. Келушілер санының өсуі жергілікті кәсіпкерлікке, сауда мен қызмет көрсету саласына қосымша сұраныс қалыптастырады. Сондықтан фестивальдің нәтижесі концерт санымен ғана өлшенбей, жағалау экономикасына беретін серпінімен де бағаланады.
Президент тапсырмасы аясында биыл Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы күшейтілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен 2026-2028 жылдарға арналған туризмді дамыту жол картасы бекітілді. Құжат инженерлік желілерді жаңарту, қауіпсіздікті күшейту және туристерге қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Биыл жағалаудағы 5 шақырымға жуық көше жолына асфальт төселді. Былтыр да осындай көлемдегі жол жөнделген болатын. Сонымен қатар 450 жарық бағаны орнатылып, жағалаудың 4 шақырымдық бөлігі толық жарықтандырылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті бақылау үшін жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 224 заманауи бейнекамера іске қосылды. Жүйе Алакөл жағалауындағы жағдайды Семейден тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Камералар адамдардың шамадан тыс шоғырлануын, құқық бұзушылық пен ықтимал қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтайды.
Судағы қауіпсіздік үшін жағалауға жалпы ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар орнатылды. Қабанбай ауылында құтқару станциясы мен көл жағасында құтқару модулі ашылды. Қазір демалыс аймағында өрт сөндіру депосы салынып жатыр.
Жағалаудағы электр тапшылығын шешу үшін «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны 7,9 млрд теңге болатын жоба аясында 72,3 шақырым жоғары кернеулі желі тартылады. Жоба аяқталғаннан кейін демалыс орындары мен жаңа туристік нысандарды тұрақты электр қуатымен қамтуға мүмкіндік туады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







