Алматының еңбек инспекторлары өндірісте жарақат алған қызметкерге сақтандыру төлемі автоматты түрде берілмейтінін ескертті. Өтемақы алу үшін оқиға дер кезінде тіркеліп, еңбек міндетімен байланысы жан-жақты тергелуі қажет, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы орынбасары Талғат Үмбетияров жұмыс беруші қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға тиіс екенін айтты. Сақтандыру шарты кәсіпорынды еңбек қауіпсіздігіне жауапкершіліктен босатпайды. Жұмыс беруші қауіпсіз жағдай жасап, нұсқама өткізіп, медициналық тексеруді ұйымдастыруы керек.
Қызметкер өзінің қандай талаптармен сақтандырылғанын білуге және оқиғаны тергеуге қатысуға құқылы. Ол қабылданған шешіммен келіспесе, сақтандыру компаниясына, мемлекеттік органға немесе сотқа шағымдана алады. Талғат Үмбетияровтың айтуынша, зардап шеккен адам проблемасымен жалғыз қалмауы тиіс.
Міндетті сақтандыру шарты тиісті лицензиясы бар компаниямен жасалады. Кәсіпорын оны жұмысын бастаған айдан кейінгі айдың алғашқы он күнінде рәсімдеуі қажет. Жазатайым жағдай болғанда сақтандыру ұйымына жұмыс беруші оқиға туралы білген сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабар берілуі керек.
Жарақат алу фактісінің өзі төлем тағайындауға жеткіліксіз. Инспекторлар оқиғаның мән-жайын анықтап, оның қызметкердің еңбек міндетін орындауымен байланысын белгілейді. Тергеуге зардап шеккен жұмысшы немесе оның өкілі қатыса алады.
Департаменттің бөлім басшысы Ануар Төлеуғалидың сөзінше, тергеудің толық әрі объективті жүргізілуі қызметкер құқығының қорғалуына тікелей әсер етеді. Оқиғаны жасыру, кеш хабарлау немесе құжаттарды дұрыс рәсімдемеу сақтандыру төлемін алуды қиындатуы мүмкін. Сондықтан өндірістік жарақатты формалды тіркеуге немесе оның шынайы себебін бүркемелеуге жол берілмеуі керек.
Сақтандыру полисі жұмыс беруші үшін қағаз жүзіндегі міндет болып қалмауы тиіс. Кәсіпорын еңбекті қорғауға жұмсалған қаражатты артық шығын ретінде емес, адамның өмірі мен денсаулығына салынған инвестиция деп қабылдауы қажет. Өндірістік жоспар мен белгіленген мерзім қызметкер қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы керек.
Жұмыскерлер де нұсқамадан өтіп, қауіпсіздік талабын сақтап, жеке қорғаныс құралдарын қолдануға міндетті. Жабдықтың ақауы немесе қауіпті жағдай байқалса, басшылыққа дереу хабарлау қажет. Еңбек қауіпсіздігі жүйесінің түпкі мақсаты жарақаттан кейін өтемақы төлеу ғана емес, оқыс жағдайдың алдын алу болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







