Продюсер Баян Алагөзова діни фанатизм туралы жазбасынан кейін қоғамда туған үлкен резонансқа қатысты пікір білдірді. Ол сөзінен көңілі қалған діндарлардан кешірім сұрағанымен, көтерген мәселесіне қатысты ұстанымынан бас тартқан жоқ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін продюсер дін мен оны насихаттаудан шаршағанын жазып, тозаққа сенбейтінін айтқан. Сондай-ақ жұмақ пен 72 пәк қыз туралы түсінікке мысқылмен пікір білдірген еді. Оның бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Кейін Алагөзова сөзінің діндар азаматтардың сезіміне тиген болуы мүмкін екенін мойындап, олардан кешірім сұрады. Алайда продюсер мәселені діннің өзінен емес, діни радикализм мен қоғамға жат деп санайтын нормаларды таңудан көретінін атап өтті.
Ол әсіресе әйелдер мен қыздардың құқығына қатысты көзқарасын ашық жеткізді.
«Қыздарды 9 жасынан күйеуге бергенін қалайсыздар ма? Оларға білім алуға немесе медициналық көмекке жүгінуге тыйым салынғанын қалайсыздар ма? Оларды «шайтанның ықпалынан сақтандыру үшін» ұру керек пе? Әйелді жар етіп алуға болады, бірақ оның алдындағы жауапкершілікті мойынға алмау қалыпты ма? Үш рет дауыстап «талақ» деп айтып, оңай тастап кетуге бола ма? Қызыңыз немесе қарындасыңыз жеке тұлға емес, біреудің қосымшасы болғанын қалайсыз ба? Біреудің рұқсатынсыз қоғам алдына шығып, пікірін айта алмай отырғанын қалайсыз ба? Тіпті өзін және балаларын қорғай алмауы керек пе? Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын!» – деді Баян Алагөзова.
Продюсердің айтуынша, оның қарсылығы адамның діни сеніміне емес, радикалды түсініктердің қоғамға таралуына бағытталған.
Сонымен бірге Баян Алагөзова Қазақстанның ұлттық мәдени болмысын сақтауды және қоғамның зайырлы сипатын қорғауды қолдайтынын мәлімдеді.
Осылайша продюсер алғашқы жазбасындағы өткір сөздері үшін кешірім сұрағанымен, діни радикализм, әйел құқығы және зайырлы қоғам туралы көзқарасын өзгерткен жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







