Танымал продюсер Баян Мақсатқызы Тәңір танымы, адам еркіндігі мен «құлдық» санадан құтылу туралы тосын пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.kz телеграм арнасы.
Осыған дейін Тәңіршілдік көбіне тар шеңбердегі тарихшылардың, жекелеген ғалымдар мен маргиналды белсенділердің деңгейінде ғана сөз болып келген. Бұлардың дауысы қалың бұқараға жете бермейтін, ұсынған идеясы аудиториясының аздығынан алысқа ұзамай ұмытылатын еді.
Діни жамағат әлгілерді «адасқандар» деп айыптап, қоғамдық пікірдің шетіне қарай ысырып отырды. Енді ме, енді осы алаңға атышулы Баян Мақсатқызы кіріп жатыр. Оның артында миллиондаған оқырман, әйелдер қауымы, шығармашыл жастар мен қалалық зайырлы элита тұр.
Баян кез келген ұғымды сәнге, трендке, халықтың күнделікті талқылайтын тақырыбына айналдырудың хас шебері. Ол өзінің медиалық беделі арқылы Тәңір танымын шаң басқан архивтен алып шығып, оны заманауи, эстетикалық тұрғыдан тартымды, жастардың тілінде сөйлейтін жаңа философиялық брендке айналдыру әлеуетіне ие.
Егер осы идея Баянның продюсерлік көзімен өңделіп, жаңа өмір салты ретінде насихаттала бастаса, елдегі тым діниленген орта бұрын-соңды кездеспеген аса қауіпті оппонентпен бетпе-бет келуі мүмкін. Себебі бұл жолы оларға халықтың сезімімен ойнай алатын, визуализация мен пиардың тілін жетік білетін медиа-магнат қарсы шығады.
Қазіргі қазақ қоғамы рухани таным жағынан екі үлкен лагерьге жарылып кеткені өтірік емес.
- Біріншісі – өмірдің барлық саласын шариғат талабына бағындырғысы келетін, ұлттық дәстүрдің өзін діни сүзгіге салатын консервативті қауым;
- Екіншісі – зайырлы мемлекет құндылықтарын, жеке тұлғаның еркіндігін, ғылым мен өркениетті және төл тарихи бірегейлікті сақтап қалғысы келетін бұқара.
Баян Мақсатқызы осы екінші лагерьдің бейресми көшбасшысы, идеологиялық локомотиві ретінде суырылып шықты.
Ол тым діниленген қауымның қоғамға қоятын морализаторлық талаптарынан сескенбейді. Әлемжелідегі хейт пен қарғыстан да қаймығатын кейіпкер емес. Бұл ма, бұл қазақ қоғамының зайырлы бөлігіне үлкен демеу, олардың өз құқығы мен көзқарасын ашық қорғауға деген сенімін оятуы мүмкін.
Алдағы уақытта біз осы екі дүниетанымның бұқаралық мәдениеттегі, медиадағы және күнделікті өмірдегі үлкен текетіресіне куә болатын тәріздіміз. Осы тартыс болашақ Қазақстанның қандай бағытта дамитынын да айқындайтын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







