Алатау қаласында инженерлік желілердің жұмысын бақылап, қала құрылысына қатысты шешім қабылдауға көмектесетін цифрлық жүйе сыналады. Alatau City Authority басқарушы ұйымы оңтүстіккореялық AST Holdings және ILJOO GnS компанияларымен пилоттық жобаны әзірлеуге келісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үш тарап Пусанда өткен Global Smart City Expo халықаралық көрмесінде меморандумға қол қойған. Келісім аясында қаланың «цифрлық егізін» жасау және заттар интернеті технологиясын қолдану жоспарланып отыр.
Қарапайым тілмен айтқанда, цифрлық егіз қаланың сыртқы көрінісін ғана қайталамайды. Ол инженерлік жүйелерден жиналған нақты деректі біріктіріп, инфрақұрылымның қалай жұмыс істеп тұрғанын бақылауға мүмкіндік береді. Ал заттар интернеті датчиктер мен құрылғылардан мәлімет алуға көмектеседі.
Әзірге технологияны бүкіл қалаға енгізу көзделмеген. Алдымен шағын аумақта дерек жинау, оны өзара сәйкестендіру және инженерлік жүйелерді бақылау тәсілдері тексеріледі. Сынақ нәтижесіне қарай жобаны кеңейту мәселесі қаралады.
Alatau City Authority басшысы Әлішер Әбдіқадыров цифрлық инфрақұрылымды қала құрылысымен қатар қалыптастыру қажет екенін айтты.
«Қала толық салынып болғанша күтіп, содан кейін оны цифрландыруға кіріспеуіміз керек. Алатауда қажетті IT жүйесін іргетасы қаланған кезден құруға мүмкіндік бар. Цифрлық егізді таныстырылымға арналған үшөлшемді үлгі ретінде емес, нақты дерекке сүйеніп, қаланың дамуын басқаруға көмектесетін талдау жүйесі ретінде қарастырамыз», – деді ол.
Оның сөзінше, кореялық мамандармен бірлескен сынақ әр шешімнің тиімділігін кеңінен қолданысқа енгізбей тұрып бағалауға мүмкіндік береді.
Жобаға қатысатын AST Holdings ақылды қала, геоақпараттық жүйелер және ғимараттардың цифрлық үлгісін жасау технологияларына маманданған. Релиздегі мәлімет бойынша, компания Оңтүстік Корея мен Сауд Арабиясында жобалар жүзеге асырған. Ал ILJOO GnS өндірісті цифрландыру, жасанды интеллект және маңызды инфрақұрылымның қауіпсіздігі бағытында жұмыс істейді.
Енді тараптардың сарапшылары сынақ жүргізілетін аумақ пен жобаның нақты параметрлерін келіседі. Алдағы уақытта цифрлық үлгіні көлік қозғалысын жоспарлауға, коммуналдық желілерді бақылауға және экологиялық қауіпсіздікті қадағалауға пайдалану көзделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






