Қазақстан мұнай мен газды шикізат күйінде экспорттаудан терең өңделген өнім шығаруға бет бұрды. Жалпы инвестициясы 12 млрд доллар болатын бес ірі жоба іске асқанда елде жаңа өндірістік тізбек қалыптасады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада «Орталық Азия мен Каспий өңірінің мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеуі» атты 13-бизнес саммит өтті. Оның аясындағы пленарлық сессия энергетикалық егемендік пен мұнай-химия саласының стратегиялық келешегіне арналды. Жиынға қатысушылар Қазақстандағы жаңа өндірістерді іске қосу, инвестиция тарту және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады.
Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Темирлан Уркумбаев саланың өңдеуші өнеркәсіп үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұнай-газ химиясы экономиканы әртараптандырып, шикізаттан қосылған құны жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, Қазақстанның сыртқы саудадағы мүмкіндігін де кеңейтеді.
Энергетика министрлігі 2024 жылғы қазанда мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Құжат алты негізгі бағыт пен 34 іс-шараны қамтиды. Жоспар шикізат қорын қалыптастырудан бастап өндірістік қуатты ұлғайту мен дайын өнім экспортын арттыруға дейінгі міндеттерді біріктіреді.
Жол картасы аясында инвестиция көлемі шамамен 12 млрд доллар болатын бес флагмандық жоба жүзеге асырылады. Құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 20 мыңға дейін тұрақты әрі уақытша жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен бірге шикізатты ел ішінде тұтыну көлемі өсіп, мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі мен экспорты ұлғаяды.
Үкімет инвесторларға ұзақ мерзімді әрі болжамды жұмыс жағдайын қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта Энергетика министрлігі «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат қазір Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауында жатыр.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі алаңы ретінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы таңдалған. Оның аумағында ірі өндірістік жобаларды іске асырып жатқан 19 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндіруге бағытталған кәсіпорындар бар.
Қуатты зауыттар
Қазақстанда қазір жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға қабілетті Kazakhstan Petrochemical Industries зауыты жұмыс істейді. Кәсіпорын 2025 жылы 375 мың тонна өнім өндірді. Зауыттың іске қосылуы елдегі базалық мұнай-химия өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісін қалыптастыруға жол ашты.
Ендігі ірі қадам жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысына байланысты. Кәсіпорынды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жоба ішкі сұранысты өтеуге, жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашуға және экспорттық тауар түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Полиэтилен зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін газ сепарациялау кешені салынып жатыр. Аталған нысанды да 2029 жылы іске қосу көзделген. Кешен табиғи газ құрамынан мұнай-химия өндірісіне қажет компоненттерді бөліп, жаңа зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Елімізде жылына 339 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін жоба да жүзеге асырылуда. Бұған қоса өндірістік қуаты 880 мың тонна карбамид зауытын салу жоспарланған. Аталған өнімдер химия, ауыл шаруашылығы, автокөлік және құрылыс өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
Жаңа жобалар іске қосылғанда Қазақстанда шикізатты дайындаудан бастап базалық мұнай-химия өнімдерін шығаруға дейінгі толық цикл құрылады. Келесі кезеңде сол өнімдерді терең өңдейтін шағын және орта кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік ашылады. Осылайша мұнай-газ химиясы шикізатқа тәуелді экономиканы өңдеуші өндіріс арқылы жаңғыртатын негізгі салалардың біріне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







