Қазақстанда iPhone 18 Pro бағасы 815-860 мың теңгеден, ал Pro Max 883-930 мың теңгеден басталуы мүмкін. Apple-дің алғашқы жиналмалы iPhone Duo смартфоны 1,36-1,43 млн теңгеге бағалануы ықтимал, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Finratings сарапшылары болжамды Қазақстанда сатылған iPhone-ның алдыңғы үш буынына сүйеніп жасады. Есепке iPhone 15 Pro Max, iPhone 16 Pro Max және iPhone 17 Pro Max модельдерінің 256 гигабайт жады бар нұсқалары алынған. Үшеуінің де АҚШ-тағы бастапқы бағасы 1 199 доллар болған.
Сарапшылар әр модельдің америкалық бағасын Қазақстанда ресми сатылым басталған күнгі доллар бағамымен есептеген. Кейін шыққан соманы отандық дүкендердегі ресми бағамен салыстырған. Нәтижесінде Қазақстандағы баға қарапайым валюталық конвертациядан әлдеқайда жоғары екені анықталды.
iPhone 15 Pro Max-тың АҚШ-тағы бағасы сол кездегі бағаммен шамамен 574 801 теңге болған. Қазақстандағы ресми баға 859 990 теңгені құрап, айырма 49,6 пайызға жеткен. iPhone 16 Pro Max кезінде айырма 51,5 пайыз болып, есептік 584 201 теңгелік смартфон елімізде 884 990 теңгеден сатылған.
iPhone 17 Pro Max-тың валюталық бағаммен есептелген құны шамамен 649 474 теңгені құрады. Қазақстандағы ресми баға 934 990 теңге болып белгіленіп, айырма 44 пайызға жетті. Осылайша кейінгі үш жылда қазақстандық баға америкалық MSRP көрсеткішінен орта есеппен 48 пайыз жоғары болған.
Apple-дің алғашқы жиналмалы смартфоны
2026 жылдан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға өсті. Сондықтан сарапшылар америкалық бағаға тарихи 48 пайызды жай ғана қоспай, есепті жаңа салық мөлшеріне қарай түзеткен. Соның нәтижесінде доллардан теңгеге ауыстырылған MSRP бағасына қолданылатын коэффициент 1,49-1,57 аралығында қалыптасты.
Доллар бағамы 456 теңге болған жағдайда iPhone 18 Pro 256 гигабайттың тікелей есептелген құны шамамен 547 мың теңге шығады. Қазақстан нарығындағы ықтимал ресми баға 815-860 мың теңге аралығында қалыптасады. Finratings ең шынайы бөлшек баға ретінде 829 990-859 990 теңге аралығын көрсетіп отыр.
iPhone 18 Pro Max 256 гигабайттың америкалық бағасын теңгеге тікелей ауыстырғанда шамамен 592 мың теңге шығады. Салық, жеткізу шығыны және қазақстандық нарықтағы тарихи үстеме қосылған соң баға 883-930 мың теңгеге жетуі мүмкін. Ең ықтимал ресми диапазон 899 990-929 990 теңге деп бағаланды.
Apple-дің алғашқы жиналмалы смартфоны саналатын iPhone Duo-ның тікелей конвертациядағы бағасы шамамен 912 мың теңге болады. Қазақстанда оның ресми құны 1,36-1,43 млн теңге аралығында қалыптасуы ықтимал. Алайда модель алғаш рет шығарылатындықтан, шектеулі жеткізілім мен жоғары сұраныс бағаны болжамнан да көтеріп жіберуі мүмкін.
Есепте көрсетілген сомалар ресми сатылымға арналған болжам екенін ескерген жөн. Әлемдік сауда басталғаннан кейін Қазақстанға жеке жеткізушілер әкелетін алғашқы смартфондар әлдеқайда қымбат сатылады. Бұған дейін де жаңа iPhone нарыққа шыққан алғашқы апталарда ресми бағасынан жүздеген мың теңгеге қымбат ұсынылған.
Мәселен, iPhone 15 Pro Max 256 гигабайттың алғашқы партиялары Қазақстанда 1,4-1,6 млн теңгеден сатылған. Кейін ресми жеткізілім жолға қойылған соң оның бағасы 859 990 теңгеге дейін түсті. iPhone 17 Pro Max та алғашқы кезде 1,05-1,15 млн теңге тұрса, ресми саудадағы бағасы 934 990 теңге болды.
Осы тәжірибеге сүйенсек, алғашқы iPhone 18 Pro Max Қазақстанда 1-1,15 млн теңгеден пайда болуы мүмкін. Ресми жеткізілім көбейгеннен кейін баға 900 мың теңге маңындағы тұрақты диапазонға жақындайды. Нақты құн Apple таныстырылымынан, теңге бағамынан және қазақстандық сатушылардың ресми прайсынан кейін белгілі болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







