Банк борышкердің шотынан бір айлық есептік көрсеткіштен көп ақша ұстаса, заң оны қарызды өтеу ретінде есептейді. Мұндай төлем өтініш беруге дейінгі 12 айда жасалса, азамат соттан тыс банкроттық рәсіміне осы негіз бойынша жіберілмейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Соттан тыс банкроттыққа өтініш берудің негізгі шарттарының бірі қарыздың 12 ай қатарынан өтелмеуі саналады. Мерзім әр банктік қарыз немесе микрокредит шарты бойынша соңғы төлем жасалған күннен бастап жеке есептеледі. Сондықтан бір шарт бойынша қозғалыс болмаса да, екінші қарызға түскен төлем бөлек қаралады.
Заң қарызды өтеу деп төлем жасалған күнгі бір айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы таниды. 2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш 4325 теңгені құрайды. Одан аз төлем қарыз өтелмеген 12 айлық мерзімді үзбейді.
Төлемнің ерікті немесе мәжбүрлі жасалғаны есепке әсер етпейді. Борышкердің өзі салған ақша, банктің шоттан автоматты түрде ұстаған сомасы және нотариустың атқарушылық жазбасы бойынша өндірілген қаражат бірдей саналады. Негізгі өлшем төлемнің бір айлық есептік көрсеткіштен көп болуына байланысты.
Мысалы, банк азаматтың шотынан 5000 теңге автоматты түрде ұстаса, қарызды өтемеу мерзімі сол күннен қайта есептеле бастайды. Борышкер төлемді өзі жасамағанын алға тартқанымен, мұндай уәж соттан тыс банкроттық талабын өзгертпейді. Өйткені заң төлемнің қай жолмен түскенін ажыратпайды.
Төлем туралы деректі уәкілетті органға кредиттік бюролар жібереді. Кредиттік тарихта ақшаның ерікті аударылғаны немесе мәжбүрлі өндірілгені жөнінде жеке белгі болмайды. Сол себепті банкроттыққа өтініш берер алдында әр қарыз бойынша соңғы 12 айдағы барлық операцияны тексерген дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







