Қазақстанның қаржы нарығында соңғы жылдағы ең ауқымды реформа аяқталып, банктердің қызметі мен қарапайым азаматтардың құқығын қорғау тәртібіне түбегейлі өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында ел үшін ең өзекті саналатын бірқатар сауалға жауап берген екен.
Несие кімдерге берілмейді? Шамадан тыс қарыздануға тосқауыл
Халықты қарыз қамытынан сақтау үшін тұтынушылық несиенің берілу талаптары заң жүзінде қатайтылған. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға, сондай-ақ соңғы 3 жылда қарызы сот немесе банк арқылы кешірілген, не соңғы бір жылда қайта құрылымдау жасалып, бірақ төлемін өтей алмаған борышкерлерге жаңа несие беруге түбегейлі тыйым салынған.
Әбілқасымова азаматтардың төлем қабілетін қорғауға бағытталған жаңа талаптардың алғашқы оң нәтижелерін жариялады.
«Тәуекелі жоғары қарыз алушыларды несиелендіруге шектеу қойылды. Сондай-ақ 2027 жылдан бастап қарыз алушының табысына шаққандағы жиынтық қарыз коэффициенті енгізіледі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ірі банктер бойынша бір жыл ішінде дефолтқа ұшырайтын несиелер үлесі 5 пайыздан 2,5 пайызға дейін қысқарды», – деп мәлімдеді агенттік басшысы.
Соның арқасында кепілсіз тұтынушылық қарыздардың өсу қарқыны 2024 жылғы 30 пайыздан 2025 жылы 14,6 пайызға, ал биылғы жеті айда 3,5 пайызға дейін бәсеңдеді.
Құлаған банкті халықтың ақшасымен құтқаруға тыйым салынды
Бұрын жекеменшік банктер күреп пайда тауып, акционерлеріне миллиардтаған дивиденд үлестіретін, ал қаржылық қиындық туса мемлекетке қарап отыратын. Жаңа реформа банк қожайындары мен топ-менеджментінің жауапкершілігін бірінші орынға қойды.
Енді реттеуші жыл сайын банктердің 85 пайызына толықтай стресс-тестілеу мен активтер сапасын тексеру жүргізеді. Егер банкте қаржылық тәуекел анықталса немесе капитал жеткіліксіз болса, Агенттік акционерлерге дивиденд төлеуге тікелей шектеу қояды немесе мүлдем тыйым салады.
Сондай-ақ мемлекет банктерді салық төлеушілердің есебінен құтқару тәжірибесінен біржола бас тартты.
«Жеке банктің проблемасын салық төлеушілер өтемеуі тиіс. Шығынды ең алдымен акционерлер мен инвесторлар көтереді. Мемлекеттік қолдау тек қаржылық тұрақтылыққа қатер төнгендегі ең соңғы амал ретінде ғана қарастырылады, ал мемлекет тартқан шығын кейіннен банк секторы есебінен өтеледі», – деп мәлімдеді агенттік басшысы.
Зейнетақы жинағы (27 трлн теңге) жеке басқарушыларға көбірек беріледі
Елімізде зейнетақы активтерінің көлемі 27 триллион теңгеден асқан. Ал ашылған брокерлік шоттар саны 5,2 миллионға жеткен. Алайда жинақтар әлі күнге дейін ел экономикасына толыққанды ұзақ мерзімді инвестиция болып құйылмай отыр. Осы олқылықты жою үшін «Капитал нарығы туралы» жаңа заң қабылданбақ.
Басты жаңалықтың бірі – зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру аясы айтарлықтай кеңейтіледі. Жеке компаниялар арасында бәсеке күшейіп, олар халықтың зейнетақы қаржысын көбейту үшін түрлі инвестициялық стратегиялар мен қорларды дамытады. Зейнетақы қаржысы ірі корпоративтік облигациялар мен акцияларға салынып, ұзақ мерзімді табыс көзіне айналуы тиіс.
Сонымен бірге қор нарығында қарапайым инвесторларды алдап соғуға жол бермейтін «клиент үшін ең тиімді орындау» қағидаты енгізіледі. Бұл брокердің өз пайдасын ойламай, азаматтың тапсырысын нарықтағы ең тиімді бағамен орындауын талап етеді. Ал іштен құпия ақпарат таратып, биржалық бағаны қолдан ойнататындарға (инсайдерлік саудаға) қарсы цифрлық сүзгі қойылады.
Орта бизнес үшін де жеңілдік қарастырылған: ЖШС мен АҚ арасындағы жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық форма енгізіліп, компанияларға артық бюрократиясыз-ақ биржаға шығып, инвесторлардан қаражат тартуға мүмкіндік беріледі.
Жыл соңына дейін бірыңғай қаржылық омбудсмен құрылады
Биылғы шілде айынан бастап қаржы нарығында мінез-құлықтық қадағалау (поведенческий надзор, ред.) жүйесі іске қосылды.
Баста назар банктердің жарнамасының шынайылығына, жасырын комиссияның болмауына және клиентке еркінен тыс қосымша қызметті тықпаламауға аударылмақ.
Осы мақсатта агенттік жасанды интеллект негізінде жылына 180 мың шағымды сүзгіден өткізетін арнайы цифрлық жүйені іске қосылған. Жыл соңына дейін елімізде банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және сақтандыру компанияларымен арадағы барлық дауды сотқа дейін бір орталықта шешетін Бірыңғай қаржылық омбудсмен институты құрылады.
Бизнеске берілген несие 16,1 трлн теңгеге жетті
Бұған дейін отандық банктер өндіріс пен шаруашылықты несиелеуге құлықсыз болып, халыққа тұтынушылық қарыз таратумен ғана айналысады деген сын жиі айтылатын. Агенттік басшысының мәліметінше, соңғы бес жылда осы үрдіс түбегейлі өзгерген. 2021 жылдан бастап бизнеске берілген несие көлемі жыл сайын орташа есеппен 15,3 пайызға тұрақты өсіп отырған.
Нәтижесінде кәсіпкерлерге берілген қарыз көлемі екі еседен астам ұлғайып, 16,1 триллион теңгеге жетті. Ең басты жетістік банктен қарыз алып, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер саны бұрынғы 57 мыңнан 597 мыңға дейін көбейіп, 10 еседен астам өсім көрсеткен.
Агенттік төрағасы банк секторының басты басымдығы тұтынушылық қарыздан экономиканың нақты секторына қарай ойысқанын атап көрсетті.
«Банк секторы жинақталған қаржылық тұрақтылық қорын бизнеске, инвестицияларға және экономикалық өсімге әлі де көбірек жұмсауы қажет», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Банктерге арналған «QAINAR» киберқалқаны және FinAI жүйесі
Бүгінде елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90 пайыздан астамы интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалады. Мұндай ауқымды цифрландыру жағдайында азаматтардың шоттарын хакерлік шабуылдардан қорғау басты мәселеге айналды.
Осыған байланысты Агенттік қаржы секторының кибертұрақтылығын қамтамасыз ететін «QAINAR» атты арнайы цифрлық орталық құрған. Орталық қауіп төнгеннен кейін емес, хакерлер кіретін саңылауларды алдын ала табу үшін банктерге жыл сайын тұрақты салалық кибержаттығулар өткізіп отырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







