Алматы мен Астанаға жеке тұлғалар депозиттерінің 55,7%-ы тиесілі. Екі қалада есепке алынған қаражат қалған 18 өңірдің жиынтық сомасынан асып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының 2026 жылғы 1 тамыздағы өңірлік картасына сүйеніп жасаған редакция есебі осындай нәтиже көрсетті. Картадағы дөңгелектелген сомалардың қосындысы 30,396 трлн теңге болды.
Алматыда 12,971 трлн, Астанада 3,954 трлн теңге есепке алынған. Олардың үлесі тиісінше 42,67% және 13,01%. Қалған 18 өңірдің жиынтық көрсеткіші 13,471 трлн теңге. Демек, Алматының өзіндегі депозит көлемі осы өңірлердің барлығын қосқандағы сомадан небәрі 500 млрд теңгеге аз.
Өңірлердегі көрсеткіштер
Облыстар арасында Қарағанды 1,585 трлн теңгемен алда келеді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы 1,336 трлн теңгемен орналасқан. Шымкентте 1,216 трлн, Қостанай облысында 1,148 трлн теңге көрсетілген.
Шығыс Қазақстан облысында депозит көлемі 950 млрд, Павлодар облысында 922 млрд, Ақтөбе облысында 854 млрд теңгені құрайды. Маңғыстауда 780 млрд, Атырауда 767 млрд теңге бар.
Солтүстік Қазақстан облысының көрсеткіші 608 млрд, Ақмоланікі 595 млрд, Жамбылдікі 580 млрд теңге болған. Абай облысында 491 млрд, Қызылорда облысында 433 млрд теңге есепке алынған.
Түркістан облысында 398 млрд, Жетісуда 364 млрд, Алматы облысында 260 млрд теңге көрсетілген. Ең төменгі сома Ұлытау облысына тиесілі, мұнда 184 млрд теңге бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







