Тарихқа көзқарас өткенді еске алумен шектелмей, мемлекеттің болашақ бағытын айқындайтын стратегиялық құралға айналып келеді. Жеті томдық тарих ұлттық сананың жаңа іргетасын қалайтыны анық. Архив ісін дамыту, тарихи зерттеулерді жүйелеу және жинақталған білімді қоғамға жеткізу ұлттық сананы нығайтудың маңызды тетігі саналады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Нұрбек Серікұлы тарих мәселесінің мемлекетті дамытудың стратегиялық басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар халықтың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық болмысты жаңа заман талаптарымен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Осы үдерісте ғылыми деректің дәлдігі мен оның қоғамға түсінікті тілде ұсынылуы ерекше маңызға ие.
– Тарих мәселесі мемлекетті дамытудың стратегиялық басым бағыттарының біріне айналды. Яғни архив ісін дамыту, Қазақстан тарихының жаңа жеті томдық басылымын дайындау, тарихи білімді қоғамға бөлісу мәселелерінің барлығы да бүгінде жүзеге асып жатқан жұмыстар. Сондықтан осы бағыттарды әрі қарай дамыта отырып, біз ұлттық сапамыз бен болмысымызды жоғалтпай, оны келесі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік аламыз, – деді Нұрбек Серікұлы.
Қазақстан тарихының жаңа жеті томдық басылымы әр дәуірге қатысты деректерді бір арнаға тоғыстыруға тиіс. Архив қорларын зерттеу бұрын толық ашылмаған оқиғалар мен тұлғаларға жаңаша баға беруге жол ашады. Ал тарихи білімнің қоғамға таралуы ұлттық жадыны ғылыми негізде қалыптастыруға көмектеседі.
Ұлттық болмысты сақтау заман өзгерісінен шет қалу дегенді білдірмейді. Керісінше, тарихи тамырын таныған қоғам жаңғырудың бағытын саналы түрде таңдай алады. Өткеннен алынған тағылым келесі ұрпаққа аманат болып жеткенде ғана ұлттық сапа жаңа деңгейге көтеріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







